Қызымыз қыз-ақ, бірақ жартылай ұйғыр, жартылай қазақ екен
«Қамшының» хат қоржынына отандық әншіні сынаған материал келіп түсті. Ұлт жанашырымын деген автордың сынын жариялай отырып, сайтымыздың еркін ой-пікір алаңы екендігін ескерткіміз келеді. Сынға іліккен екінші тарап та осы құқықты пайдалана отырып, өзіндік пікір-позициясын редакциямызға жолдаса, жариялауға дайынбыз.
«31 арнадан «I am singer» халықаралық музыкалық жобасын тамашалап жүрміз. Димаштың бағын ашқан бұл жобаға бекерден-бекер біздің тарап қызығушылық танытпады. Неше түрлі кезеңдерден, сынақтардан тұратын бұл жоба көрерменнің ішін пыстырмайды. Бірақ «Димаштай жарық жұлдыздың жарыққа келуін тағатсыздана күтеміз» деп о бастағы мақсат-мүддесін айқындаған әділқазылардың кешегі әңгімесі құлағымызға түрпідей тиді.
Қателеспесем, 2 маусымның 11 эпизоды, көгілдір экраннан көрсетілді. Жобаға қатысушы Әділ Ахметжанов өмірінде сахнада алғаш рет ағылшын тілінде ән шырқады (өзінің айтуы бойынша). Халықтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова мен кезінде «Супер стардан» түлеп ұшқан, бүгінде қанаты қатайған Мақпал Исабекова арасындағы диалог біздің де үн қатуымызға себеп болды. Біздікі, шоу-бизнестің «сап-сары жаңалықтарынан» шаршаған оқырманның одан сайын жүйкесін жұқартып, алауыздық отын маздату мақсат емес. Мұндағы мақсат – біріншіден, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілуін, екіншіден, ұлттық бітім-болмысымыз бен қазақилығымыздың мерейі үстем болуын талап ету.
«Ән таңдауың жақсы, алайда ағылшынша ән таңдаған екенсің, дұрыстап дайындалып, акцентсіз орындауға барыңды салуың қажет еді» деп пікір айтқан Мақпал Исабековаға халықтың Мақпалы «Акцентте тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бұл ағылшынның баласы емес, қазақ қой» деп жауап берді. Халық әртісінің аузымен айтылған пікір ой санасына жетпеген жас Мақпал «Мен байқағанымды айтып отырмын. Жалпы, айтуға құқығым бар шығар. Әрине, акцентте тұрған дәнеңе жоқ. Жартылай ұйғыр болсам да, қазақша тап-таза сөйлеп отырмын ғой» деп ащы ақиқатты жұртқа жария қылды. Жартылай ұйғыр, жартылай қазақ болғанына қарамастан емін-еркін қазақша сөйлеп отырғанын мақтаныш қылған Мақпалдың бұл ойын жеткізудегі эмоциясы тәкаппарлық тұнып тұрған бет-жүзінен ап-айқын көрініп тұрғандай болды. Бұл өз кезегінде қазақ телевизиясындағы этика мен эстетиканың орны ойсырап тұрғанын тағы да бір мәрте дәлелдеді. Шеше тұрғанда сөйлейтін қыздың көбейгені қай заман!? Шешесінің көзін шұқитын қыздың қымсынбауы, тележәшікке телміріп отырған әкесінің қазақтығына күмән келтіруі енді шектен шыққандық. Қазақ тілі дегенде көкірек керген қызымыздың сөзіне зер салсақ, Мақпал Исабекова мойындалмаған 101-ші жаңа есім. Асқар таудай әкесі қазақ бола тұра, «жартылай ұйғырмын, жартылай орыспын, жартылай кәріспін» дегендердің барлығына осы медальді мойындарына тағып бергім-ақ келіп кетті.
Димаш Қытайдағы «I am singer» жобасына қатысқан кезде танымал шетел әндерін акцентпен орындады. Дегенмен Қытай «ағылшыншаны, французшаны акцентпен айтады екен» деп бас қатырмақ түгілі, бір ауыз сөз қозғамады да. Тек орындау шеберлігіне баса назар аударды. Талантына таңдай қақты. Аяқтарынан тік тұрып, шапалағын аямай ұрды. Сонысымен де қытай көрермені барша әлемді сүйсіндірді. Ағылшыншасын бүгінгі таңда қолға алған Димаш әлемдік өнер жұлдызына айналуға дайын екендігін байқатты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстаннан шыққан кез келген телеөнімнің іргетасы патриотизм, ұлтжандылық және қазақы мінез болуын міндеттеу керек».
Сәния Сағиқызы