«Қызымды өзім үшін туып алдым»: Опера әншісі Зарина Алтынбаева 26 жасында балалы болғанын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Абай атындағы Опера және балет театрының солисі, опера әншісі Зарина Алтынбаева «Астана» телеарнасындағы «Оңай емес» бағдарламасына сұхбат беріп, өнердің ең үздік әрі күрделі түрі болып саналатын опера саласына қалай келгені, анасынан айырылып қалғандығы және жеке өмірі туралы сыр шертті. Өнерпаз анасының кеңесі бойынша «өзі үшін» балалы болуға бел буғанын да тілге тиек етті.
«Ол кезде 26-дамын, анам айтты, «Зарина, 30-ға дейін туу керек» деп. Әкесіз туса да ол балаға махаббатты жеткілікті беруге болады деді. Мен тууға бел будым, анам қасымда екенін, әрдайым қолдау көрсететінін білдім. Жауапкершілікті алдым. Тіпті Томиристі босанғанда анам қасымда болды, қолымнан ұстап тұрды. Сөйтіп үш жақтан, мен, сіңілім Мадина, анам болып бақтық. Анам кеткесін, баланы бағып-қағып, оны асырау, жақсы өмір қамтамасыз ету оңайға түспейтінін түсіндім, барынша жағдайын жасауға тырысып жүрмін», — дейді әнші.
Зарина туған сіңілсі Мадина да күнделікті қолдау көрсететінін айтты. Естеріңізге сала кетсек, Мадина 10-15 жыл бұрын Маду лақап атымен ән салатын. Зарина болашақта жалғыз бауыры ешкімнен қымсынбай, жеке өмірімен, оқуымен айналысса екен деген тілегі бар екенін жасырмады.
Ата-анасының ажырасуына әкесінің жүріс жүруі себеп болған екен. Өзіне берік анасы мұндайды кешіргісі келмепті. Бәлкім балалық шақтан қалған жан жарасы қазір менің 30-дан ассам да, тұрмыс құруыма кедергі болып жүр. Әнші әкесімен араласпағанын, қазіргі кезде өмірден өткенін айтты. Зарина ата-анасы ажырасқан кезден әкесін көрмеген екен. Қазір тәрбиелеп отырған жалғыз қызы да әкесіз өсіп жатыр.
Әнші тұрмыс құрып, отбасылы болғысы келетінін, қызына бауыр сыйлағысы келетінін жасырмады. Болашақ күйеуімен арасында шынайы махаббат, сүйіспеншілік, сыйластық болуын қалайтынын жеткізді. Әнші ештеңеге өкінбейтінін айтады.
«Әйел үшін ең бастысы отбасы екенін түсіндім», — дейді әнші.
stan.kz