Қызым қайтыс болды, ұлым мүгедек: Бибігүл Төлегенова еш жерде айтпаған сырын бөлісті
Қазақтың «қарлығаш көмей» әншісі Бибігүл Төлегенова 16 желтоқсанда 95 жасқа толды. Мерейтойы алдында әнші «ҚазАқпаратқа»сұхбат беріп, өнері мен жеке өмірі туралы айтты, – деп хабарлайды Kznews.kz Aikyn.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Ең әуелі мен халқыма мың да бір рақметімді айтамын. Әлі күнге мен 95 жасқа келсем де әнші қызымыз деп бағалайды. Соған қарағанда халықтың сүйіспеншілігін ешбір атақпен, ешбір ақшамен сатып ала алмайсың», – дейді әнші.
Айтуынша, 17 қарашадан бастап мерейтойлық концерттері өтіп жатыр.
«Астана операның» бастамасын Алматыдағы филармония жалғап әкетті. Бәріне шүкір деп отырмын. Қанша айтқанмен қазір өзім ән айта алмаймын. Бірақ мұнда менің шәкірттерім, лауреаттарым бар. Солар шығып менің репертуарымнан ән айтады.
Кейінгі күндері кестеміз тым тығыз болып кетті. 95 жастағы кемпірге, әрине, қиын. Бұрын үлкен адамдар жер үй керек деп отырғанда түсінбейтінмін. Енді түсініп жатырмын. Кіріп-шығып жүргісі келеді екен. Мен кей кезде үйден жарты айлап шықпаймын. Өйткені омыртқам екі жерден сынып, қос таяққа, коляскаға мәжбүр болып қалдым. Енді қайтесің… Өмір деген сол. Бірақ та осының өзіне де Аллаға мың шүкір деп отырамын», – деді өнер иесі.
Халық әртісі өзінің жолын қуған кім деген сұраққа да жауап берді.
«Құдайға шүкір мына сары қызым бар. Екі қызым, бір ұлым болды. Кіші қызым 2007 жылы жүректен кетті. Жалғыз қызым қалды. Өзі шешеме тартқан. Ұлымның белі ауырып, екінші топтағы мүгедектігі бар. Сол ұлымның Малика деген бір қызы бар. Сол Малика Төлегенова «Астана операда» директордың халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары. Жуықта Біріккен Араб Әмірліктеріне әйгілі «Щелкунчикті» апарып қояды. Былтыр өздері сұранып барып еді, биыл арабтар шақырыпты.
Екі шөберем Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепте оқып жатқанын айттым. Бір шөбереме әкемнің атын қойғанбыз. Сол Ахмет домбыраны жақсы көреді. Кезінде Қаршыға Ахмедияров өзінің коллекциялық домбырасын сыйлаған. Соны осы шөбереме әкеп бердім. Скрипканы да үйреніп жүр екен. Әкем сияқты азамат бола ма деп үміттенемін. Дауысы да керемет», – дейді әнші.