Қызылқала Ұлы Жібек жолының құпиясын бүгіп жатыр

0

Қызылқала – X-XIII ғасырлардағы қаланың орны. Ол Маңғыстау облысы Шетпе кентіне жақын маңдағы Шерқаланың тап іргесінде орналасқан. Аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 метрге, ені 400 метрге созылып жатыр. Мұнда ұзындығы 6 метрлік 13 мұнара болған.

Қала алғашында жай керуен сарайы ретінде салынған. Х ғасырда Хорезм мемлекеті аумағындағы қалалар барынша өркендеп, Хорезмнің Еділ бойымен арадағы сауда жолы да дами түсті. Дәл осы жолдың бойында Қызылқала елдімекені пайда болған. Қала жұртына жақын маңда Шерқала тауы бар. Оны қала орны деп те айтады. Дегенмен кей ғалымдардың пікірінше, ол Қызылқаланы қарауылдайтын садақшылардың бекінісі ғана болған. Өйткені таудағы тоннель маңында үй құрылысы кездеспеген. Таудың өзі халықтың қоныстануына өте ыңғайсыз.

Қызылқаланы қоршай салынған қабырғалардың қалыңдығы 3, биіктігі 5 метр болған. Қала орнының үш бөлігін қазып, зерттегенде көптеген жәдігер табылған. Олар осы жердегі мекеннің өзге елдермен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Қызылқала арқылы Ұлы Жібек жолының белгілі бір тармағы жүріп отырып, Сарайшыққа, одан әрі қарай Шығыс Еуропа елдеріне өткен болса керек. Себебі археологтар қазған жерден өзге елдерден келген заттар, шыныдан жасалған ыдыс-аяқ шыққан.

Қызылқаладан табылған 30 литрлік “хум” аталатын бидай сақтайтын үлкен ыдыс, қазандар, сол ғасырларда Орта Азия, Қытай мен Парсы елдерінен жеткен бағалы бұйымдар, күміс, қола теңгелер мен әшекейлер – бәрі қазір Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Көп жәдігер мұнда егіншілік пен қолөнер дамығанын білдіреді. Қала тұрғындары кірпішті күйдіріп, күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі ыдыс жасаған. Солардың осы күнге дейін жеткен мықтылығы қайран қалдырады. Қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлердің бірі – зергерлік бұйымдар жасағанда, алтын мен күмісті балқытқанда ыстық құйманы ұзақ уақыт сақтай алатын ыдыс – сфероконус. Ол – жоғары температураға шыдайтын қыш тәрізді балшықтан жасалған кішкентай ыдыс. Ғалымдар ол ыдыстың құпиясын толық аша қойған жоқ.

Мұнда қолдан бұйымдар жасаған көне мәдениет пен арнайы құралдар қолданған жаңа заманғы мәдениет қатар өмір сүргені бірден көзге ұрып тұр. Қаланың іргесіндегі Ақмыш бұлағы әлі де сыздықтап ағып жатыр. Мұнда бұрын қалың тоғай іспетті жасыл желек болған деседі. Зертеу жұмыстары нәтижесінде бұл жерден аң-құс сүйегі де табылған. Шөлейтті Маңғыстау өңірі үшін сулы, тоғайлы жердің болуы – сирек кездесетін жайт.

1220-1221 жылдары Шыңғыс хан әскерлері Хорезмді талқандаған соң керуен жолы бағытын өзгерткен. Азия мен Еуропа сауда байланысы уақытша бұзылды. ХІІ ғасыр соңында Каспий теңізінің деңгейі 25-27 метрге дейін көтеріліп, керуен жолының бағыты тағы да өзгерді. ХІІІ ғасырда негізгі сауда жолдарындағы қозғалыс тоқтаған соң Қызылқаладағы тіршілік те бар қызығынан айырылды. Зерттеушілердің айтуынша, заманында дүрілдеп жанданған қала тіршілігінің жойылуы жаугершіліктен, тікелей Жібек жолының тоқтауынан болған.

Соңғы жылдары Қызылқала орнынан көне түркі сына жазуы табылды. Ғалымдар ол Хазар-Оғыз бен Орхон-Енисей-Талас жазуларының арасындағы уақытта пайда болған деген пікірде.

Археолог Андрей Астафьевтің айтуынша, қала екі рет шапқыншылықтан қираған. Өйткені, қазба жұмыстары кезінде қару-жарақ қалдықтары, жебенің ұштары табылды. Археологтың болжамы бойынша Қызылқала ежелгі Мыңқышлақ шаһары болуы мүмкін. ХІ ғасырдың соңында қоршауға алынып, ХІІ ғасыр басында қираған бұл қаланың орны осы уақытқа дейін белгісіз болып келген. Бұл қаланың орнын Авраам Крескестің 1375 жылғы Каталон атласынан және Венеция картографтары – ағайынды Франциск пен Доминик Пицциганилердің 1386 жылғы карталарынан көруге болады.

Қала қабырғалары өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін бүлінбей тұрған. Бірақ кейін ұжымдастыру кезеңінде құрылыс материалдары ретінде пайдаланылып, құрып кеткен.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz