Қызылордадағы тікұшақ апатынан көз жұмған әскери қызметкерлерді ақтық сапарға шығарып салды — Қазақстан жаңалықтары
Қызылорда облысында әскери ведомство басшысы генерал-майор Нұрлан Ермекбаев және Қарулы күштердің жеке құрамы тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан әскери қызметкерлерді соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.
Әскери қызметкерлердің туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтып, қорғаныс ведомствосының басшысы «әскери қызметкерлердің қаза болуы – бұл отбасы үшін ғана емес, сонымен бірге Қазақстан армиясы үшін орны толмас қайғы-қасірет» екенін атап өтті.
Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанның Қарулы күштері барлық әлеуметтік кепілдемелерді қамтамасыз етеді және қаза болған әскери қызметкерлердің туысқандары мен жақындарына қажетті психологиялық, материалдық және заң бойынша барлық тиесілі әлеуметтік кепілдемелер мен төлемдердің іске асырылуына көмек көрсетеді.
Шеруге Қарулы күштердің басшылық құрамы мен генералитеті, Қызылорда облысы әкімдігінің өкілдері, әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері қатысты.
Қорғаныс министрі қолдау білдіру бір реттік көмекпен шектелмейтінін атап өтті. Ол гарнизондардың бастықтарына қаза болғандардың отбасыларына шефтілікті ұйымдастыруды, оның ішінде, олардың балаларына тәрбие беруге, білім алуға, жұмысқа орналастыруға және жан-жақты демеу болуға белсене атсалысуды тапсырды.
Қаза болғандарға мемориал орнату жоспарлануда.
Қоштасу рәсімі аяқталған соң әскери қызметкерлердің мәйіттері әскери-көлік авиациясы арқылы қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – бас штабының бастығы генерал-лейтенант Майкеев, қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Алтынбаев, бас штаб бастығының орынбасарлары генерал-майор Алдабергенов, вице-адмирал Жанзақов, генерал-майор Таласов, әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Кәрбенов, әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Қосановтың ілесіп жүруімен жерлеу орындарына жеткізілді.
Әуе қорғанысы күштері мен жергілікті әскери басқару органдарының қолбасшылығына әскери жөн-жоралғыны сақтай отырып, қаза болғандарды жерлеуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Еске сала кетсек, 27 наурызда Қызылорда облысында Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан тікұшақ құлады. Тікұшақ басқа төрт әскери тікұшақтармен топ құрап, Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан. «Алтын Жебе» атты арнайы бөлімдердің оқытуы әрі кешенді тексерісі болған соң, тікұшақтар бір қаладан екінші қалаға ұшуды көздеген.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz