Қызылордадағы тікұшақ апаты: Талғат Мұсабаев оқиғаның мән-жайын баяндады – Қазақстан жаңалықтары

0
145

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Талғат Мұсабаев Қызылордада болған ұшақ апатының мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап Stan.kz.

Талғат Мұсабаев

«Қорғаныс министрлігінің өткізген арнайы жаттығуы аясында тікұшақ әуеге көтерілген. Бұл топ Ақтаудан Шымкентке қарай бағыт алған, сондай-ақ оның осы аралықта Бейнеуде, кейіннен «Крайний» (Байқоңыр) әуе айлағында қонуы жоспарланған. Байқоңырдан ұшып шыққаннан соң бірнеше минуттан кейін  диспетчерлік қызметтің радиолокаторларындағы тікұшақтың белгісі жоғалып кеткен. Кейіннен тікұшақтың апат болғаны анықталды», – дейді сенатор.

Өз сөзінде ол тікұшақтың түнгі уақытта ауа райы қолайсыз кезде ұшқанын айтты. Сонымен қатар бұл әуе сапарын күрделі деп атады.

«Бұл күрделі әуе сапары ерекше таңба қалдырады. Мен оны ұшқыш ретінде айтып отырмын. Осындай қиын жағдайда ұшу қандай ауыртпалық түсіретінін жақсы білемін. Экипаж барлық қажетті шараны қабылдады. Техниканың өзіндік ерекшелігі бар, яғни авиация – ол ең қиын көліктің түрі. Сондықтан экипажға байланысты емес осындай қайғылы оқиғалар болады», – дейді Мұсабаев.

Сенатордың сөзінше, қылмыстық істің аясында айрықша тергеу жүргізіледі. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетсек, 27 наурызда Қызылорда облысында Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан тікұшақ құлады. Тікұшақ басқа төрт әскери тікұшақтармен топ құрап, Ақтаудан Шымкентке  ұшып бара жатқан. «Алтын Жебе» атты арнайы бөлімдердің оқытуы әрі кешенді тексерісі болған соң, тікұшақтар бір қаладан екінші қалаға ұшуды көздеген.

Президент Тоқаев қайғылы оқиғада қаза тапқандардың жанұясына көңіл айтып, тергеу жұмыстарын бастауды бұйырды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz