Қызылордада тасжолдан табылған 9 жасар бала не жағдай болғанын айтып берді

0

Баланың әке-шешесі ұлының көлікке отырмағанын байқамай, кетіп қалған. Тасжолда келе жатқан баланы полиция тауып алды

НҰР-СҰЛТАН, 5 ақпан – Sputnik. Қызылорда облысында ерлі-зайыпты баласын байқаусызда тасжолда қалдырып кетті, полиция қызметкерлері баланы тауып, отбасына қайтарды. 

Оқиға 1 ақпан күні сағат 23:30-да болған. Жолды күзетуге шыққан полицейлер Қодаманов ауылының маңында жолда келе жатқан баланы байқаған. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Патрульдік ротаның полицейлері баланы Шиелі аудандық полиция бөліміне жеткізіп, не жағдай болғанын сұрайды.

Тоғыз жасар баланың ата-анасымен бірге келе жатып кездейсоқ жолда қалып қойғаны белгілі болды. Автокөлік жол жиегіне тоқтап, ата-анасы көліктен түскен. Осы кезде олардың артқы орындықта ұйықтап жатқан баласы оянып, ұйқылы-ояу дәрет сындыруға шыққан.  

Жылап, сөйлей алмаған: Алматыда көшеден бала табылды

Тәртіп сақшылары шұғыл түрде «LADA Vesta» маркалы автокөлікке іздеу салады. Көп ұзамай тұрақтардың бірінен баланың ата-анасының көлігі табылды.

Полицейлер таңғалған ата-анаға баласын қайтарып берді. Олар баланы тасжолда қалдырып кеткенін ұлымен кездескен кезде бір-ақ білді.  

Полицейлер түсірген видеода ер адам (баланың әкесі болса керек) оқиғаның қалай болғанын түсіндіреді.

«Бәріміз отырдық деп ойладық. Ол қалып қойып, айғайлаған – ештеңе естілмеді», — дейді ер адам видеода.

 

 

 



sputniknews.kz