Қызылордада танымал жерлестер кездесті — Аймақ|30 Қараша 2018, 08:36
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында «Туған жерге тағзым» акциясы ұйымдастырылды. Шара аясында туған жерден жырақта жүрген танымал тұлғалармен кездесу өтті.
Басқосуда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған айтулы акция көптің жүрегінен орын алған, тіпті асыға күтетін рухани шараға айналды.
«Сырдың топырағынан шығып, талай жерде өзін мойындатып жүрген туған жердің перзенттері аз емес. Біз олармен мақтанамыз. Азаматтарды жыл сайын дәстүрлі түрде өзінің туған топырағына шақырып, атамекеніне тәу еткізіп, сағынып келгенде мауқын басуға және туған жерге деген жауапкершілігін күшейтуде осындай шаралардың маңызы ерекше. Әрбір азамат туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосу керек. Әрине, бұл үшін белгілі кәсіпкер болу, құрылысшы болу шарт емес. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Отанды сүю үшін көп әңгіменің қажеті жоқ, тек еңбектену керек», — деді Р.Рүстемов.
Акцияға композитор, композитор Кеңес Дүйсекеев, белгілі қаламгер, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, әнші-жыршылар Елмұра Жаңабергенова мен Ақмарал Ноғайбаева, дәрігер Сәбит Пазылов, есімі елге белгілі журналистер Жайна Сламбек, Нұрбек Әмиша және басқа белгілі азаматтар қатысты.
«Жүрек өзі туған жерге тартып тұрады. Жалпы, халық игілігі жолындағы жобаларға атсалысуды парызым деп білемін. Бүгінгі шара сондай істерге себепкер болады. Биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сыр елім» атты гимн жазғанмын. Қазір осы ән шынында да сырбойылықтардың гимніне айнала бастады», – дейді Кеңес Дүйсекеев.
Айта кетейік, шара барысында «Жомарт жүрек» байқауының облыс бойынша жеңімпаздары марапатталды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ