Қызылордада «саяси тұтқын» Баймағамбетов белгісіз жағдайда ауруханаға түсті, жағдайы ауыр

0

Қызылордада тергеу изоляторында 7 айдан бері қамауда отырған белсенді Мұратбай Баймағамбетов 1 сәуірде белгісіз жағдайда ауруханаға түсті. Оған операция жасаған дәрігерлер белсендінің жағдайын тұрақты ауыр деп бағалайды.

«Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп күдікке ілініп, 2020 жылдың қыркүйек айынан бері тергеу изоляторында отырған белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің қандай жағдайда ауруханаға түскені белгісіз. Жақтастары бұл ақпаратты бейсенбі күні кешке қарай естіген. Түнде бір топ белсенді ауруханаға барып, жағдайды білуге тырысты. Бірақ оларды ішке кіргізбеді.

— Ішін жарақаттап, өз-өзіне қол салмақ болды дейді. Бірақ өз басым оған сенбеймін. Ол кісі 7 ай бойы осыған шыдап, «елім, жерім» деп жылап жүрген кісі. Өте салмақты адам. Оның үстіне қамалғандарда өткір зат болмайды. Өздері ұрып-соққан сияқты, – дейді белсенді Индира Ерубаева.

Қызылорда көпбейінді қалалық ауруханасының дәрігері Бауыржан Төлегенұлының айтуынша, науқас 1 сәуірде жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілген.

— Қабылдау бөлімінде кезекші хирург дәрігерімен қаралып, науқасқа жедел операция жасалды. Жасалған отаның уақыты мен көлеміне сай науқас емін реанимация бөлімінде жалғастырып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр, – деді дәрігер.

Полиция әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.

Мұратбай Баймағамбетов Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған). Жергілікті белсенділердің айтуынша, оның сотының аяқталуына аз қалған.

Ол билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.

Былтыр құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.