Қызылордада оқушылар сыныптасын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген
Қызылорда қаласында мектеп оқушылары сыныптасын секс-құлдықта ұстаған. Бір топ жасөспірім 16 жастағы қызды қинап ұстаған, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бұл туралы қоғамдық қор жетекшісі Дина Таңсәрі жазды.
Мәлім болғандай, қоғамдық қорға жағдайды оқушы қыздың ата-анасы хабарлаған. Ал оқушының секс-құлдықта жүргенін оның досы анықтаған.
«Ол қыз – үйдің жалғыз баласы. Ақпан айынан бері үйге келмеуді шығарған. Әке-шешесі полицияға хабар береді, бірақ полиция қызды іздеудің орнына ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытумен болған. Шарасыз әке мен шеше қызын өздері іздеген. Қыз анда-санда байланысқа шығып тұрған. Бірде «кафеде даяшы болып жүрмін», бірде «гүл дүкенінде сатушы болып істеп жүрмін» деп видео жіберіп отырған. Әке-шешесі сол мекен-жайға барса, қыз жоқ болады. Қызды қинап ұстағандардан ата-анасы шу көтермесін деп осылай істеуге мәжбүрлеген», – деп жазды қоғамдық қордың жетекшісі Дина Таңсәрі.
Анасының жазған хатында баяндалғандай, мектеп оқушылары «айтып қойсаң, Астанадағы «көкелерімізге айтып әке-шешеңді өлтіртеміз» деп қызды қорқытқан. Ата-анасы үшін қатты қорыққан жәбірленуші басындағы жағдайды ашып айта алмаған. Тек кезекті рет ақша бопсалағанда мән-жайды досына мәлімдеуге мәжбүр болған.
Қор белсендісінің жазуынша, оқушы қыз балаға сыныптастарының қинап есірткі беріп, зорлап жүргенін мектеп директоры, мұғалімдері, учаскелік полиция да білген. Бірақ бәрі бірауыздан үн шығармай отырған, ешқандай шара да қолданбаған.
«Қызылорда полициясымен аталған дерек бойынша күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады», — деп хабарлады Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева дәл осы жағдай бойынша әлеуметтік желідегі парақшасына жазып, қылмыстық іс қозғалғанын, бұл оқиғаның назарда екенін хабарлады.
«Қызылорда облысындағы жағдайға қатысты айтар болсам, аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, сот-сараптамалық экспертиза жасалып жатыр. Кеше маған жәбірленушінің тәтесі хабарласты. Аталған іс бойынша ҚР ІІМ-мен бірлесіп, жауапты органдармен бірге жұмыс жасап жатырмыз», — деп жазды Динара Закиева.