Қызылордада мұз астына түсіп кеткен 4 адамның денесі табылды

0

Үш адам көліктен шығып үлгерген. Құтқарушылар суға батып кеткен 1985, 1981, 1994, 1973 жылы туған 4 адамды іздестірді

Қызылорда облысында автокөлікпен мұз астына түсіп кеткен 4 адамның денесі табылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2020 жылдың 8 желтоқсанында Қызылорда облысының Арал ауданында Қамыстыбас ауылынан 35 шақырым жердегі Қамбаш көлінде «УАЗ» маркалы автокөлік мұз астына түсіп кеткен. Көліктің ішінде жеті адам болған.

«Үш адам көліктен шығып үлгерген. Құтқарушылар суға батып кеткен 1985, 1981, 1994, 1973 жылы туған 4 адамды іздестірді. Түнгі уақытта іздестіру жұмыстары тоқтатылды», — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

2020 жылдың 9 желтоқсанында таңертең іздеу жұмыстары жалғасты.

Министрліктің хабарлауынша, көлік 7 метр тереңдіктен табылды. Ал мұздың қалыңдығы – 25 сантиметр.

«Сағат 10.05-те құтқарушылар қаза тапқан 4 адамның мәйітін полиция қызметкерлеріне тапсырды», — делінген ақпаратта.

Іздестіру жұмыстарына Қызылорда облысы ТЖ департаменті, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдардың күштері және туыстары жұмылдырылды.