Қызылордада коронавирус жұқтырған жүкті әйел босанды
Вице-министрдің айтуынша, жаңа туған сәбиден де коронавирусқа анализ алынған, баланың жағдайы қанағаттанарлық
НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір – Sputnik. Қызылорда облыстық перинаталды орталығында коронавирус анықталған әйел аман-есен босанды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева Facebook-те жазды.
«8 сәуірде босанатын уақыты жеткен жүкті әйел өткір респираторлық вирусты инфекция белгілерімен провизорлық перзентханаға (оқшауланған ғимарат) түсті. Денсаулығын тексеру барысында оның қызуы 38,1 градусқа дейін көтерілген. COVID-19 вирусына анализ алынды, ауру жұқтырғаны анықталды. Толғағы басталды. Аман-есен босанды», — деді ол.
Нәрестенің салмағы – 2 келі 970 грамм, бойы – 51 см.
«Сәбидің жағдайы қанағаттанарлық, коронавирусқа анализ алынды», — деп мәлімдеді вице-министр.
Ал баланың анасы вирустан емделу үшін инфекциялық стационарға ауыстырылды.
Перинаталды орталықтың кезекші бригадасы кезекшіліктен кейін екі аптаға үй карантиніне алынды.
sputniknews.kz