Қызылордада браконьерлер инспекторларға оқ жаудырды (видео)

0
228

Қызылода облысында, қызыл кітапқа енген аңды аулап жүрген жерінен ұсталған азаматтың сыбайластары инспекторларға қарсы оқ атқан, деп хабарлайды ЭК.

Оқиға Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында болған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Браконьерліктің жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында «Охотзоопром» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының инспекторлары Жалағаш ауданының Төгіскен ауылының маңында Түркістан облысының тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде ұсталған адамның көлігінен қызыл кітапқа енгізілген қарақұйрықтың тушасы табылды. Күдікті ұсталған жерге жедел-тергеу тобы шақырылды. Инспекторлар полиция қызметкерлерін күтіп тұрғанда Қызылорда қаласының екі тұрғыны оқиға орнына келіп, инспекторлардың қызметтік автокөліктерінің бірінің дөңгелегіне бірнеше мәрте оқ атқан. Содан кейін инспекторларды қорқытып, қарақұйрық тушасын өздерімен алып кеткен», — делінген министрлік берген мәліметте.

Көп ұзамай инспекторлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқ атқан браконьерлерді қолға түсірген.

Министрлік өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта оқиға бойынша ҚК-нің 337-бабының 4-тармағы («Заңсыз аң аулау») және 380-бабының 2-тармағымен («Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану») іс қозғалып, күдіктілер Жалағаш аудандық полиция бөлімшесіне қамауға алынған.