Қызылордада бойжеткенді қағып өлтірген «Құрметті азаматтың» баласы жазасыз қалуы мүмкін — Қазақстан жаңалықтары
Қызылордада бойжеткенді қағып өлтірген 14 жастағы жасөспірім жазадан сытылып кетуі мүмкін. Бұл туралы марқұмның әпкесі Сания Абдуллаева мәлім етті. Қызылорда полициясы бұл іс бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғаған. Алайда кейіннен екеуін де тоқтатқан.
Бұл туралы Stan.kz 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Шарасы таусылған Сания Абдуллаева Алматыға келді. 2018 жылы 28 желтоқсан күні болған жол апаты салдарынан оның сіңлісі көз жұмды. 22 жастағы Саида Абдулланы 14 жастағы жасөспірім қағып өлтірген. Комаға түскен бойжеткен есін жимастан бақилыққа аттанды.
Оқиға туралы әлеуметтік желі арқылы жария болғаннан кейін жасөспірім мен оның анасының үстінен екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі — жүргізушінің жасы жетпегендіктен, ал екіншісі — куәгердің жеткіліксіздігінен жабылған.
«Оларға дәл сол күні анасының кәмілеттік жасқа толмаған ұлына көлік кілтін ұстатқанын көрген куәгер керек екен. Оны дәлелдеу мүмкін емес. Ол үшін біз жол апатын алдын ала болжап біліп, сол күні олардың үйлеріне баруымыз керек еді», — дейді ашынған Сания Абдуллаева.
Айтуына қарағанда, рөлде отырған жасөспірім Қызылорданың құрметті азаматының ұлы екен. Саиданың туыстары жасөспірімнің көлік рөлінде отырғанын көрген куәгерді тапқан. Алайда онымен бетпе-бет кездеспеген.
Жәбірленуші тараптың сөзіне қарағанда, анасы сол күні ұлын көлікпен әжесіне жібергенін мойындаған. Қылмыстық іс жабылды. Алайда 10 сәуір күні Қызылорда облыстық прокуратурасы жасөспірімнің анасының үстінен қозғалған істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойды.
stan.kz