Қызылордада әпкесі інісіне бүйрегін беріп, ажалдан құтқарып қалды

0

Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығында тұратын Күміс Сырымбетова туған інісі Өтегеннің өмірін сақтап қалуға себепкер болған. Бұл 2015 жылы болған жайт еді. Отбасыдағы ұлдың кішісі Өтеген 2013 жылы ауыр науқастанады.

Бастапқыда мән бермеген, кейін жағдайы ауырлай береді. Дәрігерлер сараптама жасап, бүйрек жеткіліксіздігі деген диагноз қойған. Сондай сынақты сәттің бірінде ол «Жан бауырым, осыдан бүгін түннен аман қалып, бала-шағаңа қосылсаң, жараса өз бүйрегімнің бірін саған беремін» деген екен.

«Бұл сөз ауырып жатқан менің сана саңылауына жарық беріп, ертеңге деген үмітімді оятқандай болды. Көп ұзамай әпкеме барып, бұдан ары шыдай алмайтынымды айттым. Күміс те тәуекелшіл ғой, дәрігерге барайық, іске кірісейік деді. Қазалы аудандық емханадағы нефролог маманға барып, мән-жайды білдік. Дәрігер Айнұр Берденова бұл істі кешеуілдетуге болмайтынын түсіндірді», — дейді Өтеген.

Сырымбетовтерге Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» бағарламасы аясында квота бөлініп, Қазақстандағы жетекші медициналық кешен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында ота жасату мүмкіндігіне ие болады. 2015 жылы 5 қазан күні таң алдында басталған орган ауыстыру операциясы бес жарым сағатқа созылады. Мамандар Күмістің бүйрегін Өтегенге орналастыру отасын сәтті аяқтайды.

«Жансақтау бөлімінің бөлмесінде көзімді ашсам, маңайым толған ақ халаттылар. Менің жайымды қадағалап тұр екен. Кең әрі түрлі қондырғылар қойылған бөлмеден Өтегенді іздей бастадым. Менің қорқынышым, өзімнің ертеңім қандай болады емес, інімнің үмітін орындай алдым ба деген үрейлі ой болды. Айналама көз салып, бөлменің сол жағындағы шеткі бұрышта ары қарап, денесіне жамылғы жабылған, төсек үстіндегі бауырымды үрпиген шаштарынан тани кетіп, қатты қуандым. «Демек, інім аман екен. Ауылға бірге қайтатын болдық!» деп шаттанған көңілімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жағдай солай болды. Мен оны міндет те, мақтан да етпеймін. Қайта Алланың жіберген жәрдемі арқасында бауырымыз екеуіміз бірге өмір кешіп жатқанымызға шүкір деймін», — деген кейіпкеріміз ауруханадан шығып бара жатқанда 18 жасар баласына бүйрегін бермек болған ананың көз жасын сүртіп, рухтандырып, тағы бір сауапты іске себепші болады.

Айта кетейік, Күміс Сырымбетова бүгінде тігіншілікпен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өзінің де, інісінің де денсаулығы қалыпты.

Дереккөз: Baq.kz