Қызылордада апатқа ұшыраған көліктің жүксалғышынан адам мәйіті табылды
Қысқа сілтеме алу
Полиция такси жүргізушіні өлтірді деген күдікпен екі адамды ұстады
ҚЫЗЫЛОРДА, 11 шілде — Sputnik. Қызылордада жол апатына ұшыраған көліктің жүксалғышынан жеке такси жүргізушінің мәйіті табылды.
Жас жігіт шетелдік көлікті басқара алмай, электр тарату желісінің бағанына соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол апаты болған жерге келген полицейлер көлікті айып тұрағына сүйреп апаруы тиіс болатын. Олар көлік құралын қарап шыққанан кейін автокөліктің жүксалғышында түйрелген жарақат алған ер адамның мәйіті жатқаны анықталады. Ол жеке тасымалдаумен айналысқан автокөліктің иесі болып шықты.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Қызылорда облысының полиция департаменті.
Бұл бап 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Полиция департаменті қылмысқа күдіктілер анықталғанын хабарлады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде екі күдікті – облыс тұрғындары ұсталып, қамауға алынды, олардың бірі 26, екіншісі 41 жаста», — деп түсініктеме берді полиция.
Такси жүргізушіні қандай мақсатта, қашан және қалай өлтіргені туралы ақпарат әзірге жария етілген жоқ.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 201-бабына сәйкес, алдын ала тергеу деректері жария етілмейді, деп нақтылады полиция департаменті.
sputniknews.kz