Қызылордада 16 жастағы оқушыны жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген: «Көреміз» бағдарламасының қызметкерлері қыздың үйіне баса көктеп кірмек болған

0

«Көреміз» бағдарламасының қызметкерлері Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы қыздың үйіне баса көктеп кірмек болған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“НеМолчи” қоғамдық қорының хабарлауынша, бағдарлама қызметкерлері жасөспірімнің үйіне кіріп, оларға есік ашуды және сұрақтарға жауап беруді талап еткен.  Сондай-ақ қыздың үйі мен пәтерінің нөмірін видеоға түсірген.

“Сенсация мен эксклюзивті материал үшін бәрін жасауға дайын. Қыздың мекенжайын қайдан алғаны белгісіз. Қыз бен жақындарынан не сұрағысы келді?  Қыздың сыртқа шығып, камераға сөйлеуін, бүкіл елге жүзін көрсетуін қалады ма? Қыздың мекенжайын кім берді? Күдіктінің туыстары ма? Қыздың адвокаттары шағым жазып, сізді және сіздің ұйымыңызды сотқа береді. Сіздер журналистік этиканы ғана емес, адамдық этиканы бұзып тұрсыздар. Жекеменшік құқығынан және жеке шекарадан өттіңіздер”, – деп жазды қоғамдық қор Instagram парақшасында.

Сондай-ақ олар бағдарлама қызметкерлерін осы әрекеттері үшін қандай жаза күтіп тұрғанын айтты.

«Қылмыстық Кодекстің 147-бабына сәйкес адамның жеке өмірі туралы оның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз таратып, не өзге де дербес деректерін заңсыз тарату нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргендер – үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады”, – деді НеМолчи қоғамдық қоры.

НеМолчи қоғамдық қорының сөзінше, жасөспірімнің анасы қызының қатты қорқып, дірілдеп тұрғанын айтыпты. Тіпті олардың бұл қылығына таң қалдық дейді ана.

Ал “Көреміз” бағдарламасы қоғамдық қордың бұл жазбасына өз жауабын берді.

“Бұл ақпарат жалған. Ақпаратқа біз кейін нақты жауап береміз”, – деп жазды олар Instagram Stories-те.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Жәбірленушінің анасы барлығы қызы 10 сыныпта сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталғанын айтты.

Бұған дейін Қызылордадағы мектеп басшылығы жұмыстан қуылғаны хабарланды.