ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЛДЫ.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БОЛДЫ
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары мен Түркістандағы халыққа қызмет көрсету кешені құрылысымен танысты.
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, онда аймаққа бөлінген Арыс қаласындағы № 6 аумақты аралап көрді.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысына Арыс қаласындағы 268 тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 кәсіпкерлік нысан орналасқан № 6 аумақ бөлінген. Бүгінгі күні қалпына келтіруге жатпайтын үйлердің бірі бұзылып, оның орнына жаңа үй сатып алынды; келісім бойынша қаланың көпқабатты үйлерінің бірінен тұруға жарамсыз деп танылған жеке үй тұрғындары (93 жастағы әже, 60 жастағы мүгедек ұлы мен 19 жастағы немересі)мен бір аулада орналасқан тұруға жарамсыз екі үйдің тұрғындары үшін жаңа баспана сатып алынды. Қалған 264 үй толығымен қалпына келтірілді. Қалпына келтіру жұмыстарын орындау үшін 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған болатын. Сырбойылық құрылысшылар Арыс қаласында өздеріне бөлінген жұмыстарын толығымен аяқтады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Түркістандағы халыққа қызмет көрсету кешенінің (Шығыс моншасы) құрылыс барысымен танысып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминге құрылыс жұмыстары туралы баяндады.
«Бүгінгі таңда кешен қабырғалары мен бағаналарын салу жұмыстары толығымен аяқталды, ғимаратты жылу оқшаулағыш материал – минералды мақтамен қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кестеден қалыс қалу жоқ, құрылыс жоспарланған мерзімде аяқталады», — деді Қуанышбек Ысқақов.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы құрылғаннан кейін жаңа аймаққа сый ретінде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысан салып беру туралы шешім қабылданған болатын. Оның ішінде Қызылорда облысына тәулігіне 100 келушіге арналған халыққа қызмет көрсету кешені (Шығыс моншасы) құрылысы бөлінді. Кешеннің жалпы ауданы-3 мың ш.м астам, құрылыстың бас мердігері — «Бақ-Береке 2030» ЖШС.