Қызылорда облысының әкімі не үшін ұсталды? — Қазақстан жаңалықтары

0

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов үйқамаққа алынды. Бұл туралы облыстық сот мәлім етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Евразия» арнасына сілтеме жасап.

Қуанышбек Ысқақов

Өткен жұмада Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарала бастады. Бірақ ресми түрде ешкім растаған жоқ. 28 наурыз өңірге жаңа әкім тағайындалғаны белгілі болды. Осылайша, Гүлшара Әбдіхалықова облысты басқарған бірінші әйел болды. Бір күннен кейін, облыстық сот Қуанышбек Ысқақовтың үйқамаққа алынғаны туралы мәлімдеді.

«Қылмысты қозғау органымен, яғни тергеу сотына өтініш хат түсті . Үйқамақ бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде. Біз өтініш хатты негізді деп танып, екі ай мерзімге үйқамақ бұлтартпау шарасын қолдандық», — деді Талант Тілеп, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы.

Желіде жүрген хабарламада. Әкім жазда снарядтардан «Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салды» делінген. Өзімен бірге орынбасары мен бірнеше кәсіпкер күдікке ілінген екен. Ондағы хабарламаға сенсек, 80 млн теңге құрылыс компанияларына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Бірақ сот органдары ол ақпаратты растамады. Жоққа да шығарған жоқ.

«Оның растығын біз айта алмаймыз, өйткені тергеу құпиялығына байланысты кімнің кінәлі, кінәлі еместігі әлі анықталған жоқ. Сондықтан да бұл сұрақтарды қадағалаушы орган прокуратура органдарынан сұрауға құқылысыз», — деді Талант Тілеп, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы.

Айта кететіні, Қуанышбек Ысқақов облыс деңгейіндегі істі болып жатқан тұлғалардың алғашқысы емес. Өкілеттігін асыра пайдаланған деп Кереку өңірінің басшысы Болат Бақауов та айыпталған болатын. Әзірге оған қатысты не шешілгені беймәлім. Естеріңізде болса, жемқорлық қылмыс үшін істі болғандар үшін бірінші басшылары да жауап береді деген заң күшіне еніп еді. Бірақ ол талап әкімдерге қолданылмайды екен.

«Мемлекеттік органдардың басшылары болуы керек. Өздерінің қарамағындағы тікелей бағыныстағы қызметшілердің әрекетіне байланысты болуы керек дедік. Әкім, облыстың әкімі бұл премьер-министрдің тікелей бағынысындағы мемлекеттік органда отырған тұлға емес», — деді Ерлан Сапаров, ҚР МҚІА мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің диреторы.

«Заңда қарастырылмаған. Жаңағы мемлекеттік органның бірінші басшылары мен оның орынбасарлары. Солар ғана келтірілген. Қалған мәселелер, сіз айтып отырған, әкім облысы кетіп жатса, кім беру керек деп, ол мәселе қарастырылмаған», — деді Думан Әбілев, ҚР МҚІА мемлекеттік қызмет департаментінің диреторы.

Қызылорданың бұрынғы әкімі мамырға дейін үйқамақта болады. Оның мерзімінің ұзару, ұзармауын сот шешеді. Ол тергеушілердің жеделдігіне байланысты.

 

stan.kz