Қызылорда облысында апатқа ұшыраған әскери тікұшақ экипажы қаза тапты

0
59

27 наурыз, сәрсенбі күні Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан Ми-8 әскери тікұшағы Қызылорда облысында апатқа ұшырап, экипажы түгел қаза тапқан. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлады.

«Тікұшақ экипажы қаза тапты. Тергеу бастау туралы бұйрық бердім. Қаза тапқандардың үй-ішіне көңіл айтамын. Оларға материалдық көмек көрсетіледі» деп жазды Тоқаев.

Қорғаныс министрлігі әскери тікұшақ бортында 13 адам болған және қаза тапқандар бар деп хабарлады. Алайда нақты қанша адамның мерт болғаны туралы дерек бермеген.

Министрлік әскери жаттығуға төрт тікұшақ ұшып шыққанын, олардың екеуі Қызылордаға қонғанын, тағы біреуі апат болған аумаққа барғанын хабарлады. Олардың бәрі қараңғы түскенде әрі ауа райы қолайсыз уақытта арнайы әскери жаттығуға қатысқан деп мәлімдеді.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен құрылған арнайы комиссия тікұшақ апатқа ұшыраған Қызылорда облысы Жалағаш ауданына аттанған.

Azattyq