Қызылорда облысында алып сәби дүниеге келді

0

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 23 қарашада салмағы 6 кг-ға жуық ұл бала дүниеге келді. Сәби – отбасындағы сегізінші перзент, деп хабарлайды Kznews.kz медициналық мекеменің Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап.

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында дүниеге келген нәрестенің салмағы 5,6 кг-ні, бойы 57 сантиметрді құраған. Сәбиді 37 жастағы көпбалалы ана, Жаңақорған ауданының тұрғыны Айгүл Дүйсебаева жүктіліктің 42 аптасында өмірге әкелген. Білікті дәрігерлер әйелді кесарь тілігі отасы арқылы босандырып алған. Перинаталдық орталықтың мәліметіне сүйенсек, бөбек отбасындағы сегізінші перзент. Алып сәбиге ата-анасы Қанағат деп ат қойған. «Қазір батыр бала да, оның анасы да өздерін жақсы сезінуде. Тек ірі салмақпен туған сәбиге ерекше күтім жасап, алдағы уақытта оның салмағын қадағалау қажет», — дейді мамандар. Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері салмағы 4 келіден асатын 1546 сәби, ал салмағы 5 келіден асатын 38 бала дүниеге келген. 

ақпарат: Kaz.nur.kz

Фото: instagram.com/anamenbala_kzo