Қызметтік көлікті алты ай бойы туысына беріп қойған әкім жазадан құтылды

0

Ақтөбеде екі ғана қабылдау кабинеті бар аудан әкімдігінде 4 хатшы болған. Қызметтік көлікті әкімнің туыстары жеке мақсатқа пайдаланған.

Ақтөбеде өткен Әдеп жөніндегі кеңесте Ырғыз ауданы әкімдігінде жасалған былықтар қаралды. Ауданның бұрынғы әкімі болған Әділгерей Әуелбаев қарамағында жұмыс істейтін туысының алты ай бойы жұмысқа келмей, қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғанына көз жұмып келген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бұл заңсыздықтарды мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс әрекет деп бағалады. Шенеуніктердің тәртібі қаралатын Әдеп кеңесіне Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Аслан Байдәулетов пен аппарат басшысы Бақтыбай Мырзағарин шақырылды.

Ал экс-әкім Әділгерей Әуелбаев басқа қызметке ауысуына қатысты жауапқа тартылмады.

Белгілі болғандай, ауданға жасалған ішкі аудиторық есеп кезінде әкімдіктің жанар-жағармайды оңды-солды пайдаланғаны анықталды. Аппарат басшысының хатшысы Қабылбаевқа жұмыста болмаған кездеріне негізсіз жалақы аударылған. Кейін 1млн 36 мың теңге болатын қаражат өтелгені айтылды.