Қызметінен босатылған полицей жамбылдықтарға үндеу жасады
10 ақпан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы тапсырма берген болатын
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан — Sputnik. Қызметінен босатылған Жамбыл облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Арман Оразалиев жамбылдықтарға алғысын білдірді.
«Сіздермен қоштаса отырып, қызмет барысында көрсеткен қолдауларыңыз үшін баршаңызға зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл, ең алдымен – белсенді азаматтар, полиция қызметкерлері, менің жақындарым. Сіздерге қай кезде де сенім артуға болатын. Жамбылдықтардың бойынан дәл осы қасиеттерді жоғары бағалайтынымды шын жүректен мойындаймын», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Арман Оразалиев көптеген облыстарда жұмыс істегенін және әр өңірге өз пайдасын тигізуге тырысқанын айтқан.
Еске сала кетсек, кеше, 10 ақпан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты бірқатар лауазымды тұлғаны қызметінен босату туралы тапсырма берген болатын.
Оған сәйкес, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбеков пен Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметінен босатылды.
Департамент басшысы қызметіне полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов тағайындалды. Ол бұған дейін ол ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.
sputniknews.kz