ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ТАРИХЫН БІЛСЕ… | «Айқын» газеті
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – «Рухани жаңғырудың» жалғасы. Қазақ өзінің кім екенін тани түсуі үшін көтерілетін сатының бір баспалдағы.
Қазақ жеті санын жақсы көреді. Құрметтейтінін, қадірлейтінін жетіге жеткізеді, болмаса асып кеткенін жетіге сыйдырады ғой. Президент өз мақаласында бүгінгі қазақ ықылым заманнан бері қажет деп санап, күнделікті өмірінде кәдесіне жаратқан біршама дүниені жұмыр жердегі адамзат асылына балап алған рухани, мәдени, материалдық, тағылымдық дүниелерді жүйелеп, жеті-ге топталыпты. Ырымшыл қазақпыз ғой.
Тақымы атқа тисе, делебесі қозып, қанаты жайылатын қазақтың рухы тарихтың қай кезінен басталатын, әсіресе, қалада туып, компьютердің алдында жиі отыратын бала бір ауық кітаптан оқып, мультфильмнен көріп өскені керек-ақ. Сонда ата-бабаның рухы сол балаға ауысатын шығар. Мақтаныш сезімі оянатыны анық. Үстіне «Алтын адамның» алтыннан тоқылған сауытын кигізсе, ұлы даладағы сол кезде қалыптасқан өркениеттің бүгінгі дамыған елдердің ұстанымының негізінде жатқанын түсінер. Сол аталарына ұқсағысы келетіні рас.
«Алтын адамның» жанында жатқан кеседегі таңба алдындағы пернетақтадағы әріптің түпатасы екенін білсе, таңданыстан көзілдірігін шешіп, «мен кімнің ұрпағы екенімді білдім» деп атып тұрып, ұстазын құшақтар еді. Мен солай ойлаймын. Риза болып, ата-апасына тарихты ертегіге қосып айтқаны үшін көшедегі дүңгіршекте сатылатын голландық қызғалдақтан құшақ тола сыйлар еді. Сол қызғалдақтың тарихын білсе… Қазақ екеніме осыны жазып отырып, мақтанып отырмын.
Әбдез РАХМАНҰЛЫ,
«Нұр Отан» партиясы
Қаратау аудандық филиалы төрағасының
бірінші орынбасары