Қызғалдақ терген әйел 12 миллион айыппұл төлемек

0

Түркістан облысының полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды заңсыз терген әйелді анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға Ордабасы ауданында болған. Әлеуметтік желілерде жексенбі күні тараған бейнежазбада бір әйелдің сирек кездесетін гүлдерді жинап жүргені көрінеді.

Заңға сәйкес, Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін қатаң жаза қарастырылған. Мұндай әрекет үшін 3 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде — шамамен 11,8 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар, балама ретінде қоғамдық немесе түзету жұмыстары тағайындалуы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, жабайы қызғалдақтар тек тұқым арқылы көбейеді, ал олардың тұқымы топырақта 4 жылдан 7 жылға дейін сақталады. Егер гүлдер ерте жұлынса, өсімдіктің тұқымы жетілмей, жойылып кетеді. Бұл өз кезегінде қызғалдақтардың таралуына елеулі зиян келтіреді.

Айта кету керек, қызғалдақтар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, яғни оларды қорғау — заңмен бекітілген міндет. Полиция қазіргі уақытта видеодағы әйелдің кім екенін анықтауға күш салып жатыр.