«Қыздық» тіктіріп, мен де тұрмысқа шығамын»: Алматылық жезөкшелер өз өмірлері мен бағалары туралы — Қазақстан жаңалықтары

0

Отандық блогер Данияр Еникеев Алматы қаласының жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шаһарды жезөкшелерден тазартамын деген уәдесінде тұрмағанын айтады. Айта кетсек, жаңа басшы алғашқы жұмыс күнін Сейфуллин көшесін «түнгі көбелектерден» тазартудан бастаған еді. Блогер бірер күннен кейін ұлы жазушының аты берілген даңғылды аралап, жезөкшелердің әлі орындарында тұрғанын байқады. 

Сейфуллин бойындағы жезөкшелер сағатына 7 000 теңге алатын болып шықты. «Жатын бөлмелері» де бір адым жерде. Көлікпен апарып-алып келуге уәде етеді. «Түнгі көбелекпен» өткізген бір түн 25 мың теңге екен. Блогердің айтуынша, «қыздармен» саудаласуға болады. Екі жігіт ертіп әкелсе, олар 22 мың теңгеге келісуге дайын. Данияр Еникеев дәл жезөкшелердің қасында полиция қызметкерлері да тұрғанын байқаған. Соған қарағанда, құқық қорғау органдары бұл көлеңкелі бизнесті қоластына алған деп топшылады ол. 

Өзін Камила деп таныстырған ару осы «кәсібі арқылы» айына 200-250 мың теңге табатынын айтады. Жезөкше Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқиды екен, оқуын тәмамдағасын ол бұл істі тастап, алдағы уақытта адал жолмен күн көргісі келетінін айтады. Қандасымыздың қызметін пайдаланғандар арасында шетелдіктер де көп екен. «Түрік, әзірбайжан, орыс, кәріс. Басында үлкен кісілермен төсектес болғым келмейтін. Жиіркенішті», — дейді ол.

«Оларға деген сезім болмайды. Просто астарында жатамын. Жиіркенішті нәрсе, сөзбен жеткізе алмаймын. Осы жолға түсу керек болды. Сынақ шығар маған берген. Мен бұл жолдан шығатыныма», — сенімдімін дейді өзін Ләззат деп таныстырған жезөкше. Бойжеткен зорланған кездері де болғанын жасырмайды. 

Ләззат ерлердің жезөкшелерге деген көзқарасын білмейтінін, алайда бірнеше бұрынғы «әріптесі» жолы болып, тұрмыс құрып кеткендерін айтады.

«Қазір XXI ғасыр ғой. «Қыздық» тіктіріп алуға болады, мен де «тіктіріп», тұрмысқа шығамын. 

Қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп көрген блогер қазақ қоғамы әзірге жезөкшелікті заңдастыруға дайын емес екенін анықтады.

Бұл шара жезөкшелікті түбегейлі жоя ма әлде уақытша шара ғана ма? Мүмкін, Еуропа елдеріндегідей Қазақстанда да жезөкшелікті заңдастырып, салығын төлетіп, зейнетақы аударымдарын жасап тұру керек шығар? Stan.kz тілшісі қоғам қайраткерлері мен белгілі тұлғалардың осы мәселе төңірегінде пікірін анықтады. 

Фото: Казинформ

Белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров бұл мәселенің шешімі бір-екі жылдың еншісіндегі дүние емес екенін айтады. Сондай-ақ, көше бойында тұратын қыздардың жұмысын тежеу үшін заңдастыру да керек шығар деген пікірді алға тартады:

«Өкініштісі, ол көшеде тұрған қыздардың бәрі — Қазақстанның азаматшалары. Бұл мәселені полицияның шешуі мүмкін емес. Бұл мәселені шешу үшін еліміздегі теңсіздік, әділетсіздік деген түйіндерді шешіп алуымыз керек. Қоғам болып ақылдасуымыз керек. Заңдастыру дүниежүзінде бар болғанмен, қазақтың табиғатына жат. Қазақта мұндай мәселе болмаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағида осындай мәселе болмас үшін жасалған. Бірақ қазіргі күнде біз дәстүрлі қазақ қоғамына емес, дүниежүзі әлеуметтік-мәдени сфераға кіріп бара жатырмыз. Оның жаман жақтары да бізге әсер етеді», — дейді Ерлан Саиров.

Мәселенің түйінін шешу үшін саясаттанушы: «Енді бұны қалай шешеміз деген үлкен сұрақ туындайды. Бір жағынан, бұл -Батысттан келген құбылыс. Екінші жағынан, әлем мәдениетінің барлығы бірігіп бара жатыр. Бұл мәселені ушықтырмас үшін мүмкін заңдастыру да керек шығар. Бірақ мұны қазақ қоғамы қалай қабылдайды? Біздің мәдени кодты бұзуға алып келмей ме деген өзекті сұрақтар туады. Сондықтан бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Жан-жақты қарастыру керек», — дегенді ұсынады.  

Танымал тележүргізуші Мақсат Толықбай Алматының жаңа әкімінің бұл қылығын орынды деп есептемейді. Тіпті, өз атын шығарудың бір жолы деп біледі. Шынымен бұл жағдайға нүкте қойғысы келсе, қыздардан емес, оларды «қамқорлығына» алып отырғандардан бастауы керек екенін айтты: 

«Көп мәселеде күліп тұрып, іштей жылайсың. Біздің үкімет, әкімдер «арзан пиармен» айналысып келе жатыр. Көзбояушылық барлығы. Келе сала, Сейфуллин көшесін тазалап, пәтерлерді аралағандағы тапқаны қайсы? Шын мықты болса, притондарды кім ұстап отырғанын анықтап, жазаға тартуы керек деп ойлаймын.

Сол көшедегі қыздар баяғыда тазаланушы еді, бірақ олардың төбесіндегі шатыры мықты. Сол жердегі учаскелік полицияның өзі ол қыздарды қамқорлығына алған. Олардың бәрі бір-бірімен байланысты. Мықты бизнес көзі десе де болады. Сағынтаев шын мықты болса, солардың көзін құртсын, тазаласын. Ал бұл арсыз тірлікті заңдастыруды құптамаймын», — деп өз ойын кесіп айтты.  

Ауған соғысының ардагері, қоғам қайраткері, қаламгер Бақытбек Смағұл Сағынтаевтың бұл бастамасын қоғам болып қолдауға шақырады:

«Сағынтаев мырза өз жұмысын Сейфуллин көшесіндегі жезөкшелерден тазалаудан бастаса, өте орынды дүние. Себебі, қасиетсіздік пен азғындыққа барғаннан кейін кешегі араб, қытай, шүршітің болсын, қырық сүйектен жаралған өзге ұлт өкілдерінің барлығы да сені қорлаудың бастамасы сол деп біледі. 2007 жылы Әуезов ауданынынң әкімі және мен Тасмағамбетовтің кезінде Сайын көшесіндегі жеңілжүрістілерден тазартқан едік. Рухани азғындықтың әбден шегіне жеткен кезде ел-жұртқа масқара болмай тұрғандағы тосқауыл бұл. Соларға еркіндікті беріп қоятын болсақ, рухани жаңғыру емес, рухани қаңғыру болады. Салық төлейді деген желеумен оларды заңдастыру — рухани азғындықтың белгісі.

Бұдан бөлек, көшедегі жарнамалардың барлығын көзін құрту керек. Қапшағайға бара жатқан жолда құмар ойындарына шақыратын жүздеген жарнама ілініп тұр. Олардың орнына қазақ даналарының ұлы сөздерін, батырларын, ақындарын, бүгінгі күннің қаһармандарын іліп қоюымыз керек. 

«Ауру астан, дау қарындастан» дейтін болсақ, қара көз қарындастарымызды жоғары көтеріп, біздің намысымыз екенін, арымыз екенінін, қанымыз, нәріміз екенін, болашақ жарымыз екенін дәріптеп, асқақтатуымыз керек. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды табанасты етпеуіміз керек.

Көңілдестің көңілін қимайын деп, некеден емес, көшеден туғандар, ойнасқа сенем деп отбасын құрмағандар жоқ емес, көп. Еліміздің еркіндігіне ен салдырмайық десек, қыздарымыздың етегіне қол салдырмауыз керек, абыройын биік ұстауымыз қажет. Алаш ардақтысы Сәкеннің атына берілген көшені нағыз жезөкшелердің көшесі қылдық. Оларға барып жатқан еркек — жігерсіз. Еркегі жігерсіз елдің әйелі жігірсіз келеді. Сондықтан да Сағынтаевтың бастамасын қолдаймын. 

Әуелі осылардың қорғаны болып отырған бастықтарды құрту керек. Лауазымды азаматтар азғындықты күнкөрістің, бизнестің кілті қылған. Сондықтан кім оларға нәр беріп отыр, кім жағдай жасап отыр — соларды анықтау керек. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Кезінде Сайын көшесін тазалағанда, «қыздарды» өз ақшамызға тексертіп, түрлі жыныстық жолмен таралатын аурулардың алдын алдық.

Бұл шешімді намысы бар азаматтардың бәрі қолдайды деген ойдамын. Қоғамның ластанғаны соншалықты, ештеңеге мән бермейтін күйге жеттік. Жын-жыбырдан тазалап, жазалау керек. Осы бір ой әрбір қазақты мазалау керек. 

Ойнасқа сенем деп отбасын құра алмай, көңілдесінің көңілін қимай, некеден емес көшеден туған неше түрлі салдақының барлығы осы жеңілжүрістілерден шығады. Сол жеңілжүрістілерді байпаңдатып қойған үстіндегі «крышевать» етіп жүрген «крысалардың» барлығы да жазалануы керек. 

Қыздармыздың пәктігін саудаға салу азғындық болмай немене?! Соларды көріп отырып қандай тазалықты, қандай отбасы құндылықтарын айтамыз?! Қарапайым халықтың талабы — телеэкранымызды жөндеп, рухани жаңғырып, азғындамай, балаларымыздың болашағы жарқын болса екен деген тілек. Мәдениет, білім салалары халықтың тәрбие құралы болуы керек», — дейді Бақытбек Смағұл.

Түнгі көбелектерге қатты алаңдаушылық білдірген депутат өз сөзін өлең жолдарымен әрледі. 

«Мәңгілік ел етем десең қазақты,

Өзгеге емес, өзіңе қой талапты.

Әйел-қазық, еркек-азық әр үйде

Отбасына ер азамат жауапты».

stan.kz