Қызды 14 еркек жабылып зорлаған: прокуратура тың деректермен бөлісті

0

Ұлттық кеңес отырысында Айман Омарова айтқан істі қайта қарайтын болды

НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысының прокуратурасы Арқалық қаласында қызды жабылып зорлау бойынша тергеу амалдарының қайта басталғанын мәлімдеді.

«2019 жылдың 6 қыркүйегінде Қостанай облысы прокуратурасының нұсқауы бойынша 22 жастағы бойжеткенге қатысты топтық зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс жаңартылды», — делінген хабарламада.

Осы оқиғаға қатысты өңірдің полиция департаментіне бірқатар қажетті тергеу амалдарын жүргізу тапсырылған болатын. Қылмыстық іс облыс прокуратурасының бақылауында, деп сендірді прокурорлар.

Тағы оқыңыз: 22 жастағы қызды зорлады деген 14 күдікті неге ұсталмады?

Естеріңізге сала кетсек, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында адвокат Айман Омарова 14 еркектің қызды жабылып зорлағанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауына алуды сұрады.

Жантүршігерлік оқиғадан кейін жәбірленушінің аяғы ауырлап, бала босанған екен.

Алайда күдіктілердің бәрі қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдей алды. Тергеушілер олардың арасынан баланың әкесі табылмады деп істі тоқтатқан.



sputniknews.kz