«Қыздарым да бөлмелерінен шығып, кезек-кезек құшактасты»: Мұрат Қожаның бірінші әйелі балаларын қайын атасымен кездестірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Танымал әнші Мұрат Қожаның бірінші әйелі араға 6 жыл салып, қыздарын атасымен кездестірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Мұрат Қожа

Бұл жайлы әншінің бірінші әйелі Айман Нұразхан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Айман ханымның айтуы бойынша, атасы сағынғанын айтқаннан бастап, көңілі орнына түспей, өкпе-ренішті ұмытуға тырысқан. Әншінің әйелі қыздарының жүрегіндегі қатып қалған мұзды еріту оңай болмағанын айтады.

«Өмір өтіп барады, уақыт өзін табады. Атасын 6 жыл көрмеген қыздарымның бүгінгі кездесулері мен үшін өте маңызды болғаны сөзсіз. «Айман жаным мен сендерді сағындым, келсем болады ма?» деген сөзінен-ақ жүрегім неше күннен бері тыныш таппады. Біз үшін бүгін тариxи күн! Жүректері қатып қалған қыздарымды әбден дайындадым. Жібіту оңайға түспеді. Атам табалдырықты аттай салысымен, мен әдеттегідей фирменный сәлемімді салып, бір-бірімізді құшақтап, көзімізге жас алып көрістік. Қыздарым да бөлмелерінен шығып, кезек-кезек құшақтасты. Кезінде атам мен енем (марқұм) келгенде дастарxанды жайнатып, қонақтарды партиясымен қарсы алатынмын… Бүгін де дәл сол көрініс, тек марқұм енем арамызда жоқ. Енемнің орны бөлек мен үшін», — дейді Айман Нұразхан бұрынғы кездерін есіне алып.

Әрі қарай әншінің әйелі атасына деген мейірімінің сол бұрынғы қалпында екенін жазды. Бұдан ата мен келін арасындағы әзіл-қалжыңы да, сыйластығы да бұзылмағандығын байқауға болады. Енесін еріксіз еске алып, атасының жаңа отбасына бақыт тілеген келін өкпе-ренішті ұмытқанын айтты.

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деуші еді ғой. Мен сол бұрынғыша күліп ойнап, еркелеп, өткен-кеткен ең қызықты да бақытты сәттерді еске түсіріп ағымнан жарылдым. Ішкі құрылысым алай-дүлей, жүрегім де тарсылдап тұрса да, өзімді ұстап отыруға бел будым. Атамның жүрегі нәзік, өте сезімтал болғандықтан көз жасын жасырмады. Керемет отырыс, ғажайып күйде болдық. Жалпы Ақтаудың салт-дәстүрі бойынша келін мен қайын ата-аға арасында дистанция болады. Ол дегеніміз қол алысуға, беттен сүюге болмайды. Бірақ мен бұл стереотипті осыдан 15 жыл бұрын жойып, атамды құшақтап бетінен сүюге рұқсатын алған болатынмын.

Сол үрдіс бүгінгі кездесудің жалғасын тапты. Атам жалғыз келмеді, қасында Алланың калауымен тағдыр қосқан жарымен келіп, бізді бірінші болып таныстырды. Өңі сондай жылы апа екен. «Орта жолда атың өлмесін, орта жаста жолдасың өлмесін» деп қазағым бекер айтпаған ғой. Арамыз тым алыс болғанымен уайымдайтын едім… Ендігі өмірі қалай болады деп. Бүгін жүрегім орнына түскендей болды. Бір-бірімізге бақыт тілеп, өкпе-ренішті ұмытып сағынышымызды, мауқымызды бір басқандай болдық. Қанша дегенмен қыздарымның атасы ғой. Амандығыңызды бір Алладан тіледім, Папа! Қалған өміріңіз Жанар апамен жарқын болсын!» — деді Айман Нұразхан.

stan.kz