Қыздарды азаптаған жетісайлық өгей шешенің туған баласы бөбектер үйіне жіберілді

0

Жетісайлық өгей шешенің бір жарым жасар туған баласы да отбасынан аластатылып, бөбектер үйіне жіберілді.

АЛМАТЫ, 22 сәуір – Sputnik. Өгей шешеден қорлық көрген апалы-сіңлілі жетісайлық оқушы қыздар ауруханадан шығарылып, Шымкент қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ өгей шешінің бір жарым жасар туған баласы да отбасынан аластатылып, бөбектер үйіне жіберілді.

Ауруханада емделіп жатқан жетісайлық үш қыз 20 сәуірде ауруханадан шықты. Бірақ олар үйіне жіберілмеді.

«Жетісай ауданының кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның 2019 жылғы 18 сәуірдегі шешімі бойынша олар Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұдан бөлек, осы отбасындағы бір жарым жасар сәби Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының «Мамандандырылған бөбектер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жіберілді», — деп хабарлайды «Отырар» жергілікті телеарнасы.

Тағы оқыңыз: Қыздарды азаптаған өгей шешенің абысыны бар шындықты жайып салды

Істі болып жатқан әйел сот шешімімен жүктілігіне байланысты үй қамауына ауыстырылған. 

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Жасөспірімдерге білікті психологиялық көмек көрсетілуде. Бұл істі облыс прокуроры бақылауға алған.

Өгей шешенің қорлығы

Жетісай ауданының құқық қорғау органдары өгей ананың жаға ұстатарлық әрекеті туралы 11 сәуірде білген. 6, 7 және 9-сынып оқушыларының көрген қорлығы туралы құзыретті органға мұғалімдер хабарлаған.

12 сәуірде тексеріс жүргізіліп, полиция үш қыздың әкесіне қатысты қылмыстық кодекстің 140-бабы «Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша  және қ 110-бабы «Азаптау» бойынша өгей ананың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Белгілі болғандай, ер адам қыздарын азаптаған әйелмен заңды некеде тіркелмеген, екеуі үш жылдан бері бірге тұрып жатқан.

28 жастағы жетісайлық әйелдің өгей қыздарын азаптау тәсілдерін дәптерге жазып отырғаны белгілі болды. Сау-тамтығы жоқ қыздардың денесінен тістеуіктің, пышақтың, иненің іздері табылған. Өгей шешенің одан бөлек те адам төзгісіз азаптауларын бастан кешкен қыздар «әкеміз тағы да ауырып қалмаса екен» деген ниетпен оған көндігіп келгендерін айтқан.

Кімдер жазаланады?

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау бойынша жеткіліксіз жұмыс жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагог және 3 сынып жетекшісіне қатысты қатаң тәртіптік жаза қолданылады. 

Тағы оқыңыз: Шымкент тұрғыны намазды дұрыс оқымаған өгей баласын ұрып өлтірді

Бүкіл елді шулатқан істі елдің бас прокуратурасы өз бақылауына алды. Сондай-ақ, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева мен білім және ғылым министрлігі бала құқығын қорғау комитетінің бақылауында.



sputniknews.kz