Қыздар университетінің ұжымы: Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалады

0

Мың алғыс сізге, мәртебелі Тұңғыш Президентіміз!

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған мәлімдемесін педагогтар қауымы үлкен толқыныспен қабылдады.

Елбасы әлем картасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын қасиетті Отанымыздың көк байрағын желбіретіп, шекарасын нықтап, әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрудағы өлшеусіз еңбегін сөзбен жеткізу оңай емес. Осы жылдар арасында Елбасы бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын қажырлы қайраткер, әлем көшбасшылары санасатын сарабдал саясаткер және ерекше қабілетке ие дара тұлға екендігін танытуы әр қазақстандықтың жүрегіне «менің мемлекетімнің Президенті!» деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Елбасының мемлекет алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – білімді ел болу. «Табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек… Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деген қағидасы қазақстандық білім беру жүйесінде шешуші қадамдар мен оңтайлы өзгерістердің орын алуына ықпал етті. Аз ғана жылдар ішінде отандық жоғары оқу орындары әлемдік рейтингте орын алатын, шәкірттеріміз әлемнің озық университеттері оқитын кітаптар мен шетелдік беделді ғалымдардан білім алатын, «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемдегі іргелі оқу орындарынан тәлім алатын, бір сөзбен айтқанда, білімді басты капитал санайтын елге айналдық. Бұл бастамалардың жемісін еліміз әлі ұзақ уақыт көретін болады.

Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» Заң мен биылғы жылдың жастар жылы болып жариялануы педагогтар жұмысына жаңа серпін берді. Қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Елбасының ерекше қамқорлығын сезінген университет. Тәуелсіздігімізді енді алып, нарықтық экономикаға көшу кезінде бұрынғы ТМД құрамындағы өзге елдердегі қыздар университеті жабылған кезде Елбасының тікелей араласуымен сақталып қалған, институт мәртебесінен университет мәртебесіне, одан «ұлттық университет» айырықша мәртебесіне ие болған университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қауымы бұл тосын шешімді тосырқай қабылдадық, шын жүрегімізден ризашылық сезімімізді жеткізуге асығамыз. Мың алғыс сізге, мәртебелі Тұңғыш Президентіміз!»

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

kaz.zakon.kz