Қыздар университетінің студенттері Ұлы даланың құпиясын зерделемек
Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге аспақ.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен «Ұлы дала құпиясы» атты атты әдеби-тарихи танымдық экспедиция жасақталады. Бұл туралы университеттің Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асанның хабарлады.
Оның айтуынша, экспедиция құрамына оқу орнының шығармашылық әлеуеті жоғары ұлтжанды студенттері мен магистранттары және докторанттары мүше бола алады.
– Жоба қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіледі. Басты көздеген мақсатымыз – халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи санасын дамыту арқылы ұлттық тұтастықты сақтау, Қазақстанның киелі жерлерінің мәдени-географиялық аумағын зерттеу орайында заманауи қазақстандық мәдениетті насихаттау, – деп атап өтті Жандар Асан.
Қыздар университетінің «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекованың сөзіне сүйенер болсақ, экспедиция қатысушылары еліміздегі тарихи-мәдени киелі жерлерге қатысты ғылыми жоба жүргізіп, аталған орындар туралы аңыздар, тың тарихи мәліметтер жинамақ. Сонымен қатар экспедиция мүшелері сакралды жерлердің инфраструктурасы туралы мәліметтер дерекқорын жинап, оны жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар дайындайды.
«Ұлы дала құпиясы» атты экспедициялық конкурс екі кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде университет білімгерлерінің үздік жобалары іріктелініп, келесі кезеңде жобада көрсетілген тарихи орындарға экспедицияға шығу жоспарланған.
Конкурсқа ұсынылған жұмыстарда зерттеу нысаны болып алынған өлке бойынша тың мәліметтер беріліп, Ұлы даланың жаңа қырлары кеңінен ашылуы тиіс. Сондай-ақ жобаның деректілігі мен фактографиялық маңыздылығы, тарихи сананы жаңғыртудағы материалдың актуалдығы және жұмыстағы тілдің тиянақтылығы мен ойдың ұшқырлығы да назарға алынады.
Экспедиция туралы толық мәліметті Қыздар университетінің «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінен алуға болады.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/