Қыздар университеті латын графикасын үйретуге байланысты тың жобаны іске асырады

0
81

Екіжақты ынтымақтастықтың және әріптестікті нығайтудың өзекті мәселелерін талқылау барысында қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жайы да талқыланды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті бірлесіп латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйретуге байланысты бірнеше тың жобаны жүзеге асырмақ. Бұған Түркия тарапы нақты қолдау көрсетуге мүдделі және арнайы жұмыс тобы құрылатын болады, деп хабарлайды Қыздар университетінің ресми өкілі Жандар Асан.

Бұл туралы қос жоғары оқу орындарының басшылары арасында келіссөз нәтижесінде белгілі болды.

Екіжақты ынтымақтастықтың және әріптестікті нығайтудың өзекті мәселелерін талқылау барысында қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жайы да талқыланды.

Жиында Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова білім ордалары арасындағы қарым-қатынастың артып келе жатқандығын атап өтті.

– Өмер Халисдемир университеті Түркиядағы іргелі әрі ірі жоғары оқу орындарының бірі. Бұл білім ордасы біздің университетпен тығыз қарым-қатынаста. Десе де бүгінгі күн талабына сәйкес ынтымақтастықты одан ары қарай дамытуға қос тарап та мүдделі. Бүгінгі сапарымыздың басты мақсаты осыны көздеп отыр, – деді Г. Алдамбергенова.

Өз кезегінде Нийде Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар бауырлас мемлекеттер ынтымақтастығының стратегиялық сипатына кеңінен тоқталып, туыстас халықтардың достығын әрі қарай нығайта түсуге ниетті екендігін жеткізді.

– Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өзара бірлікке, достық пен сенімге негізделген. Ортақ тарих пен бір мүдде һәм ортақ рухани құндылықтарға негізделген әріптестігіміз қарқынды дамып, әсіресе білім беру мен ғылымды дамыту бойынша нығая түсетіндігіне сенімдімін, – деп атап өтті өз сөзінде М. Кар.

Жиын соңында сөз алған Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар Қыздар университетінің басшысына сапары үшін ризашылық білдіріп, кездесу нәтижесін жоғары бағалады. Ол білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне қатысты келіссөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталып, оның оң қарқынын баяндады.

– Биылғы жылдың қазан айында сіздердің университеттеріңіз ұйымдастырған Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өте жоғары деңгейде өтті. Түркі əлемін зерттеу – рухани бренд. Жаһандық күрестің ортасында тұрған түркі халықтарының мүдделерін ортақтастыру арқылы бірлігі мен тыныштығын сақтап, ынтымақтастығын əртараптандыра отырып нығаюын, тарихтағы түркі халықтарына жасалған зұлымдықтың, қырғын мен мəдени геноцидтерді пайдаланбауын қамтамасыз етуіміз керек. Мың пікірден гөрі ортақтасып шешкен бір пікір артық. Біздің бүгінгі басқосуымыз симпозиум аясында көтерілген бүкіл мәселелерді шынайы түрде талқылап, нақты нәтижесін шығаруға мүмкіндік берді. Менің ойымша, өте ауқымды әрі тиімді кездесу өтті, – деді М. Кар.

Осы орайда айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар айында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Өмер Халисдемир университетінің ректоры Мухсин Кар бастаған делегация келген болатын. Арнайы сапар аясында ұйымдастырылған басқосуда қос жоғары оқу орнының ректорлары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған-тын. Құжат жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым мен мәдениет, ғылыми-зерттеу саласы аясындағы ынтымақтастықты дамытуды қарастырады. Меморандумда білім және ғылым саласындағы біріккен конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер өткізу, ғылыми және білім беру жөнінде біріккен басылымдар ұйымдастыру да көзделген.

Бүгінгі күнге дейін меморандумда қарастырылған бірнеше мәселелер жүзеге асырылып, нақты нәтиже бергенін атап өткен абзал.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!