«Қыздар дайындауымды сұрады». Экс-депутат Даниал Ахметовпен арасы қалай суып кеткенін айтып берді
Серікбай Әлібаев — Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Бұрынғы мәжіліс депутаты, бір жылдары Павлодар облысын басқарған Даниал Ахметовтің орынбасары — Серікбай Әлібаев оны (Даниал Ахметов – ред.) қалай өзі іздеп тауып, қызметке тартқанын, кейін қалай арасы суып кеткенін түсіндірді.
«Ол өндіріс шебері болып жүргенде, мен партияның бастауыш ұйымын басқардым. Төрт кісі алсаң — үшеуі жұмысшы, біреуі инженер сияқты сала өкілі болуы керек. Сөйтіп қарапайым үш кісі мен Даниалды аудандық комитетке айтып, шешімін алып, үйін тауып алып, сенбі күні үйіне барып, партияға алған менмін», дейді ол.
Серікбай Әлібаев Павлодар облысында бес жыл Мүлік комитетінің департаментін басқарған. Сол қызметте жүріп ешбір «былық» құжатқа қол қоймағанын, сол үшін әкім Даниал Ахметовке жақпағанын айтады.
Оның пікірінше, Ахметов экс-президент Назарбаевтың әкімдерге «байып алыңдар» деген сөзін естіп алып, мұнай базасын, тағы басқа мекемелерді меншіктеп алу туралы ұсынысын айтқан. Алайда Әлібаев таза жүргісі келетінін, былыққа араласқысы келмейтінін білдірген.
«Мүлік комитетінің төрағасы Сарыбай Қалмырзаев бір келгенде Даниал мені шақырып алды. «Бастығың келе жатыр, давай сен сыйлық дайында, қыздар дайында» деді. Мен тағы да ештеңе істемейтінімді айттым. Кешке қала сыртындағы саябаққа (Қалмырзаевқа) келдім. Аздап ішіп алған, сыйға алған швейцар мылтығы бар, маған айтты: «Даниал сені жұмыстан босату керек деп тоғыз рет шықты, сен неге әкімді тыңдамайсың?» деді. «Сәке, саған мында кім керек? Өкілің керек пе, әлде әкімнің орынбасары керек пе?» дедім. Сонымен әңгіме бітті», дейді Серікбай Әлібаев.
Экс-депутат сол жылдары ұшты-күйлі жоқ болған бюджеттің 40 млн теңгесі туралы да баяндап берді. Айтуынша, Даниал Ахметовтың айтқанына көнбегеннен кейін әкімнің достары Германиядан бір «алаяқтарды» алдыртып, солармен су мен жылуды есептейтін құрылғылар бойынша шартқа отыру керектігін айтқан.
Сол келісімге қол қойғызғысы келіп, мені былықтырғысы келіп, іс қозғады. Алаяқтар 40 млн теңгені жеп қойды деп мені тергеді. Онда да жергілікті емес, Нұртай Әбіқаев басқаратын ҰҚК-нің орталық комитеті іс қозғап, мені соттауға дайындады. Содан Даниалмен арамыз суыды. Мен оның айтқанын істемедім, оған мені кетіру керек болды. Менен кейін көп кәсіпорынды алып алды. Оны ел біледі. Арамыз солай суыды, дейді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, Серікбай Әлібаев 1996 жылдың 17 мамырында Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған. 1997 жылы «Evro Commercial Invectment» деген герман фирмасымен 920 мың неміс маркасына (40 млн теңге) келісімшарт жасасқан. Алайда қаражат төленгенімен, келісілген құрылғылар жеткізілмеген.
1999 жылы шілдеде Серікбай Әлібаевтың үстінен іс қозғалғанымен, сол жылы қазан айында тоқтатылған.