Қыз зорлады деген айыппен сотқа тартылған блогер кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді
Қыз зорлады деген айыппен сотқа тартылған блогер Думан Ерқанат мәлімдеме жасап, өз нұсқасын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық сауаттылыққа үйрететін блогер ешкімді зорламадым, келісіммен жақындастық деп отыр.
“Трейдинг саласына қатысты сұрақтармен Арайлым деген әйел хат жазып жүрді. Бастапқыда күдіктенбедім де, еш арам ойым болған жоқ. 2022 жылдың 4 желтоқсанында сағат 22:30-те жазды. Сөйлесіп отырып, не істеп жатқанымды сұрады. Мен үйде жалғыз фильм көріп жатқанымды айттым. Ол бірге көргісі келетінін тұспалдады. Мен қарсы болғам жоқ. Осылай жарты сағатта өз көлігімен үйіме келді. Бірге фильм қарадық. Әңгімелестік. Сонымен, қыз емеуірін танытып, қалауын білдірген соң жақындастық”, – деді Думан Ерқанат
Сөзінше, 01:30 шамасында қыз үйіне қайтқан. Арада екі сағат өткен соң үстінен арыз түсіпті.
“Ол менен 100 миллион теңге талап етті. «7 жыл өмірің менің қолымда. Билікте де, сотта да ағаларым бар, бәрін шеше аламын» деп өктем сөйледі. Алғашында қылмыстық іс анықталмай, іс жабылды. Алайда екі айдан соң мені қамауға алды”, – деді трейдер.
Сөзінше, сот процесі 7 айға созылды. Ол қызды коммерциялық сайттар арқылы бопсалады деп отыр.
Бұған дейін жәбірленуші қаржы сауатын үйрететін блогерден зорлық көрдім деп редакциямыздан көмек сұраған. Соттың бірінші инстанциясы бойынша блогер қызды зорлағаны үшін сотталып, жәбірленушіге талап арызы үшін 3 миллион 117 мың теңге төлеуге міндеттелді және бес жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда апелляция барысында блогер ақталып шықты және қыз бұған наразы екенін айтты.