Қыз ұзатуда ойналған дәстүрлі жастар ойындары
Қыз ұзатуда ойналған дәстүрлі жастар ойындары
Қазақ халқының тойлары әрқашан ойынсыз өтпеген. Ойын-той сөз тіркесінің бірге айтылуы да осыны дәлелдейді. Ақтамберді жырау (1675-1768) өз заманында «Асқар бір тауды жайласам, Желілеп бие байласам, Күнде жиын, күнде той, Қыз-бозбала ойнатсам…Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр тігіп, Қонағымды жайласам», — деп жырлаған.
Қыз ұзату тойының алғашқы күні «отау жабар» деп аталады. Бұл күні «қызқашар» ритуалдық ойыны орын алатын болған. Қалыңдықтың әке-шешесінің үйінен алысырақ үйде немесе көрші ауылдағы ағайынының үйінде өтеді немесе ауылдан алыстау жерге өте сәнді безендірілген ақ киіз үй тігіледі. Қазақ қыздары ойын-сауыққа жеңгелерімен бірге келген. Қызқашар болатын үйдегі алғашқы ойын сауық айтыс, ән жыр айтумен басталады. Ауыл қыздары киіз үйдің ішінде, жігіттер тобы киіз үйдің сыртында тұрады. Киіз үйдің түндігі (етегі) түріліп, қыздар сыртқа керегенің көзінен қарап отыра, ән айтады. Әнді топпен де, жеке де айтады. Ән айту айтыс түрінде өтеді. Ән салғаны үшін жігіттер қыздарға сақина, білезіктер сыйлайды. Қызқашар одан әрі киіз үй ішінде жалғасып, таң атқанша созылады. Қызқашар (тартыс) ойыны жастардың аушадияр, ау-жар әндерімен жалғасады. Ауыл қарттары жастар әнін сырттай тыңдап отырады.
Ұрын келу, қызқашар рәсімдері барысында тобық жасыру (асық жасыру) ойындары да жүргізілген. Яғни жігіт өзінің сөзі жарасқан, көңілі түскен қызына немесе қыздың жеңгесіне қойдың тобығын берген. «Бұл екеуі кез-келген уақытта жолыға қалса, бірінші ойыншы: «Есімде» – деп әңгімесін бастағанда екінші ойыншы тобықты көрсетуге тиіс, егер тобықты көрсете алмаса, онда екінші ойыншы ұтылады. Ұтылған адам айыбына сыйлық берген немесе қалауын орындаған. Сондықтан тобық жасыру өте сақ болуды керек етеді.
Қызқашар таң атқанша жалғасады, келесі күні тағы кешке жалғасады. Бұл кеште қыздар мен жігіттер арасындағы ән жырмен басталады. Жиналған қауым тағы екі топқа бөлінеді. Оның бірі күйеу жігіттің қасына еріп келген достары мен оған қоса күйеу жігіт беретін кәдеге жалданғандардан құралған топ, екіншісі қалыңдық жағын жақтайтын топ. Соңғы топ қалыңдықты тығып қояды. Күйеу жағы оны тауып алған екі топ арасында тартыс басталады. Күйеу жігіттің өзі бұл тартысқа қатыспайды. Күйеуді жақтаушы топ қалыңдықты тартып алған соң, оны қайтадан қалыңдықты жеңгелерінің қолына береді. Жеңгелері қалыңдықты күйеу жігітпен кездестіруге отау үйге алып барады.
Дереккөз: http://reactor.inform.kz