Қыз баланы әуежайда қалдырып кету оқиғасы: Air Astana сотта жеңілді

0

12 жасар қыз бала – Зерені «Астана-Орал» рейсінен түсіріп кету оқиғасына қатысты Air Astana компаниясының аппеляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Бұл туралы баланың қорғаушысы Данильхан Шағатаев хабарлады.

— Бүгін Air Astana-ның Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының шешіміне түсірген аппеляциялық шағымын қарау аяқталды. Тасымалдаушы моральдық шығынды 5 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге төмендетуді сұраған еді.

Алматы қалалық сотының сот алқасы шағымды қанағаттандырудан бас тартып, шешімді өз күшінде қалдырды. Бұл баланың анасы алғашқы сот үкім еткендей 5 млн теңге моральдық шығын алады деген сөз, — делінген аввокаттың Telegram арнасындағы хабарламасында.
Қорғаушы осы бір даулы істің нүктесі қойылып, онда жеңіп шыққандарына қуанышты екенін жеткізген.

— Сот қаулысы заңды күшіне енді. Бұл кейс алдағы уақытта жақсы үлгі болатыны сөзсіз, — деп түйген сөзін Данильхан Шағатаев.

Еске сала кетейік, былтыр шілде айында FlyArystan әуе компаниясы ата-анасы сеніп тапсырған тұлғамен бірге Нью-Йорк қаласынан ұшып келіп, артынша Оралға ұшуы тиіс қыз баланы Астана әуежайында қалдырып кеткенін жазған болатынбыз.

Кейін FlyArystan басшысы Оралда егіздердің анасы Жазира Мусинамен кездесті.

Осы жағдайдан соң FlyArystan компаниясы жауапқа тартылды.

Айта кетейік, FlyArystan — Air Astana-ның еншілес компаниясы.