Қытаймен сауда келіссөзінде елеулі прогресс бар

0

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытаймен арадағы сауда келісімін бекіту туралы келіссөздерде едәуір прогресс бар деп мәлімдеді. Трамп сенбі күні Twitter әлеуметтік парағындағы жазбасында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен «телефонмен ұзақ әрі өте жақсы әңгіме» болғаны туралы хабарлаған.

«Мәміле туралы (келіссөздер) өте жақсы өтіп жатыр. Егер біз оны бекітсек, онда бұл… барлық тақырыптарды, салалар мен даулы мәселелерді тегіс қамтитын (келісім) болады. Біз елеулі прогреске қол жеткіздік!» деп жазған Трамп.

Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» жаңалықтар агенттігі де Трамп пен Цзиньпиннің телефонмен сөйлескені туралы хабарлады. Әңгіме барысында Қытай басшысы АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы «үйлестірілген әрі тұрақты» болатындығына үміт білдірген. Бұған қоса Си Цзиньпин екі елдің Қытайға да, АҚШ-қа да пайдасы бірдей келісімді неғұрлым тезірек бекітуі тиіс екенін айтқан.

Екі елдің басшылары Қытай мен АҚШ тұрғындарын алда келе жатқан жаңа жыл мейрамымен құттықтады деп хабарлайды агенттік.

Дереккөз: Азаттық