Қытаймен келіссөздің алғашқы кезеңі сәтті аяқталды

0

АҚШ пен Қытай сауда келісімі бойынша келіссөздің алғашқы кезеңін сәтті аяқтады. Сол себепті 15 желтоқсаннан бастап қытай тауарларына баж салығын көбейту туралы бұрын қабылданған шешім күшіне енбейді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Twitter-де жазуынша, Қытай көптеген құрылымдық өзгерістер жасауға және Американың ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік тауарларын ірі көлемде сатып алуға келіскен.

Президент сонымен бірге бірқатар қытай тауарларына импорттық баж салығының екі есеге азаятынын айтты. Трамптың айтуынша, Қытай 2020 жылы 50 миллиард долларға Американың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға келіскен. Бұл екі есе жоғары көрсеткіш. Пекин ресми түрде бұл ақпаратты растамады, тек келіссөздің алғашқы кезеңінің аяқталғанын айтты. Қытай өкілдері 15 желтоқсаннан бастап Америка тауарларына шектеу қоймайтынын мәлімдеді.

АҚШ пен Қытай арасында сауда келісімі бойынша келіссөз бір жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келеді. Бұған дейін Трамп егер екі мемлекет арасында сауда жүргізу шарттары өзгермесе, қытай тауарларына баж салығы біртіндеп көбейеді деп айтқан. АҚШ бірінші кезекте сауда-саттықтағы тепе-теңдіктің жоқтығы мен зияткерлік меншік құқығы мәселесіне алаңдап отыр. Қалған мәселелер сауда келісімінің екінші кезеңінде талқыланады. Трамптың айтуынша, екінші кезең басталып та кеткен.

Azattyq