«Қытайлықтарды көрсе қашады»: Еуропадағы коронавирус туралы жерлестеріміз бөлісті — Қазақстан жаңалықтары
Бүкіл әлемнің үрейін тудырған коронавирус АҚШ пен Еуропаның бірнеше елдеріне жетіп, әлеуметтік желілерде азиаттық типтес адамдарға деген қорқыныш пен ксенофобиялық көңіл-күй туралы айтылуда. Stan.kz тілішісі Италияда тұратын қазақ қызы Диана Эспозитоға хабарласып, Апеннин түбегіндегі азиялықтарға қарым-қатынастары мен қазір өршіп тұрған коронавирусты халық қалай қабылдап жатқанын сұрап білді. Бұдан басқа Швеция, Англия және Франциядағы жерлестеріміз елдегі ахуал туралы бөлісті.
Әлемнің 26 елінен вирус жұқтырған адамдар анықталып, коронавирустың географиясы кеңейіп бара жатыр. Еуропа елдеріне жеткен жұқпалы дерт Италия елінде өршіп тұр. Еуропалықтардың дүрліккені соншалық, көшеде азиаттық адам көрсе, қытайлық екен деп қаша жөнелетін жағдайға жеткен. Италияда жүрген қандастарымыз мұндай дискриминацияны қалай қабылдауда? Италияда тұрып жатқанына бірнеше жыл болған Диана Эспозитоның айтуынша, халық вирустың кең таралып жатқанын естіп үрейге бой алдыруда.
«Солтүстік Италияда вирус жұғу қаупі жоғары деген соң, адамдар өре түргеліп, басқа қалаларға қаша бастады. Ал кейбірі үйлерінен шықпай тығылып отыр. Қазіргі таңда вирус жұқтырғандар саны күн санап артуда. Италия әлем бойынша коронавирусты жұқтырудан бесінші орында тұрса, Еуропа елдерінде бірінші орында тұр. Франция, Испания деген сияқты көрші елдер шекараларын жауып тастады. Барлығы қатаң бақылауда. Италияның солтүстік бөлігіне баруға тыйым салынған», — деген Диана мемлекет деңгейінде тойланатын ірі шаралар кейінге қалдырылып жатқанын айтады.
Жерлесіміз Италияның оңтүстігіндегі тұрғындар дүрбелеңге салынып жатпағанын айтты.
«Еш қауіп жоқ сияқты күнделікті тірлігін істеуді жалғастыруда. Көшеде халық бетпердесіз жүр. Дезинфекцияны да ешкім пайдаланбайды. Бірақ Италия билігі халықты тыныштандыруға тырысып, сабырға шақырып жатыр. Үш жүзге тарта адам жұқтырып, он бір адам қайтыс болды. Ауруға төтеп бере алмай, бақилық болып жатқандардың дені — егде жастағы кісілер. Италия тұрғындары үшін 80-90 жас орташа жас болып есептеледі. Балалар мен жасөспірімдер арасында вирусты жұқтыру жәйттері аз. Сол үшін де олар жұқтырмайды деп тыныштандырып жатыр. Вирус анықталған күннің өзінде олар тез жазылып кетеді», — деген Диана Италияда медициналық бетперде мен бірреттік қолғаптың жоқ екенін айтады.
Диана медициналық бетперделер мен дизинфекциялайтын сұйықтық барлық сауда маркеттерінде сатылып кеткенін айтады. Италияның еш жерінен таба алмайсыз. Ал интернет арқылы тапсырыс берсе, бұрын 6-7 евро тұрған кішкентай ғана сұйықтық қазір 100-120 евроға сатылып жатыр екен. Бір қорабы 5-6 евро тұратын бірреттік қолғаптар да қазір 80-90 евро тұрады дейді ол.
Диананың айтуынша, азиаттық адамдарға деген жергілікті тұрғындардың реакциясы Италияның солтүстігінде өзгерген.
«Менің парақшама көптеген достарым жазып, біз Миланға барсақ, жергілікті тұрғындардан жағымсыз реакция болмайды ма, қытайлармен шатастырып алмай ма, қалай қабылдайды деп сұрап жатыр. Шынындада кейбір мейрамханалар қонақ ретінде азиаттарды қабылдамайды. Оңтүстік италиялықтарда мұнда қылық байқамадым, ашық, қонақжай, дискриминация жоқ. Аурудың тарауына байланысты түсіністікпен қарап, ешкімді шеттетіп жатқан жоқ. Қытайлық дүкендер мен мейрамханаларға тұрғындар әлі де барып жатыр. Ал солтүстік Италияда жергілікті газеттер мен телеарналарда тұрғындардың үрейге бой алдырып жатқаны хабарланды. Олар қытайлық мейрамхаларға баруы доғарған, қытайлық көрсе қаша жөнеледі. Жуырда ауруханаға қытайлық адам жай ғана тексерілу үшін келсе, бәрі қашып шыққан. Солтүстік Италияда азиаттықтардан, оның ішінде қырғыз, қазақтарды қытайлық деп шатастырып, қашу тенденциясы бар сияқты», — деп ойын түйінді Диана.
Оның айтуынша, үрейге бой алдырған италиялықтар жаппай азық-түлік алып, супермаркеттердің табалдырығын тоздыруда. Балаларын мектепке, не балабақшаға жібермей ұстап отыр. Коронавирус жұқтырып алмас үшін өздерін қоғамнан оқшау ұстайды екен.
Ал Швейцарияда тұрғанына 10 жылдан асқан Әнел ол жақта да дүрлігу барын айтады.
«Иә, расында ел дүрліп жатыр. Халық медициналық маскалар мен дезинфекторларды жаппай сатып алып жатыр. Ал біреулер азық-түлікті молынан алып қойюда. Бірақ сөрелер босап қалып жатыр деп айта алмаймын. Швейцарияда 1000 адамнан көп жиналатын ірі шаралар кейінге қалдырылуда. Мектептерді әлі жапқан жоқ, бірақ 3000 адаммның қолы бар петиция дайын тұр», — деген Әнел өзін қытайлықтармен шатастырмайтынын айтады.
«Өз басым ондай оқиғамен бетпе-бет кездесіп көрмедім. Мұнда азиаттар көп те емес. Бірақ желілерде азиаттардың дискриминацияға ұшырап жатқан видеолары тарап жатқаны өте өкінішті», — дейді Швейцарияда тұрып жатқан қандасымыз.
Францияның астанасы Парижде тұрып жатқанына 2 жылдан асқан Индира Ыбышева азиаттық деп «кеудеден итеруді» байқамағанын айтады:
«Дәрігерге қаралайын деп барғанда шаршап тұрғанымды айтып едім, дереу маскасын киіп алды. Бірақ мен қоғамдық орындар мен көлікте көп болмаймын. Сондықтан азиаттықтарға деген дискриминацияға ұшырадым деп айта алмаймын. Қытайлық қыздар метрода жүргенде қасына адам отырмайтынын айтып жатады. Қытайлық, италиялық әріптестеріміз демалыстан жұмысқа келгенде тағы да қосымша үйінде 2 апталық демалуға уақыт береді. Бірден жұмысқа келмейді», — дейді Индира.
Англия астанасы Лондонда тұрып жатқанына 3 жыл болған Мәдинә есімді қандасымыз ол жақтың халқы дүрбелеңге бой алдырмағанын айтады.
«Лондонда дүрбелең аса қатты емес. Бірақ жөтеліп қалсаң, басқаша көзбен қарайтыны рас. Көп адам ұшуға қорқады, қалалардың арасында өз көліктерімен қатынап жүр. Мектепте көп ескертулер жасалып жатыр. Лондонда маскалар мен санитайзерлер тез бітіп жатыр деп естідім», — деген Мадина қытайлық азаматша деп шеттетуді байқамағанын айтады.
Дайындаған: Жанна Мейірқызы
stan.kz