Қытайлық оқытушы студент Тоқаевтың қандай болғанын айтып берді
Қысқа сілтеме алу
Тоқаев тілдік тағылымдамадан өткен Бейжің лингвистикалық университетінің оқытушысы жеке мұрағатында сақталған фотолармен бөлісті
НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжің лингвистикалық университетінде оқып жүрген кезде түскен сирек суреттері жарияланды.
Видеоны президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жариялады.
«Бұл роликте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1983 жылы Бейжің лингвистикалық университетінде тілдік тағылымдамадан өтіп жүрген кезде түсірілген сирек фотосуреттері ұсынылған. Университет оқытушысы Лю Шицинь өзінің жеке мұрағатында сақталған бірегей фотосуреттермен бөлісіпті», — деп жазды ол.
Лю Шицинь Тоқаев оқыған топта жаңалықтарды тыңдау курсынан сабақ берген.
«Көпшіл, белсенді, ол аз уақытта үздік оқушылардың бірі болды. Ол газет оқуды жақсы көретін және өз көзқарасын ашық білдіретін. Білімді, оқыған-тоқығаны көп, өнегелі. Осы қасиеттер оған қазіргі жоғары жетістіктерге жетуге көмектесті», — деп еске алады қытайлық оқытушы.
Айта кетсек, бұған дейін де желіде президенттің сирек фотолары жарияланған еді. Видеодан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастық шағынан бастап президент ретінде халыққа ант беруіне дейінгі кезді көруге болады. Мемлекет басшысының алғашқы шетелдік сапарларының суреттері де бар.
sputniknews.kz