Қытайға оқуға кетіп, далада қалған 64 қазақстандық студенттің жағдайы белгілі болды
Студенттер қазақстандық компаниямен келісімшартқа отырып, Қытайға оқуға кеткен 64 қазақстандық студенттің барлығы Қытайдың Наньнин және Гуанчжоу қалаларында жатақханаға орналастырылды. Қазір өздері таңдаған жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осыдан бір-екі апта бұрын Қытайға оқуға кеткен 64 қазақстандық студент жатақханаға орналаса алмай, далада қалып қойғаны хабарланған болатын. Бүгін сыртқы саяси ведомствоның өкілі жатақхана мәселесі шешілгенін мәлімдеді.
«Барлық студент жатақханаға орналасып, тиісті жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Мәселе шешілді деп айтуға болады», — деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Оның айтуынша, студенттер қазақстандық компаниямен келісімшартқа отырып, Қытайға оқуға барған. Алайда Қытай компаниясы өз міндетін орындамағанға ұқсайды.
«Біздің консулдың араласуымен бұл мәселе шешілді. Гуанжчоудағы 9 студент те оқу орындарына орналастырылды», — деді ол.