Қытайға ақшамен өткізген: Алматы облысында лауазымды тұлғалар ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен онлайн- брифингте антикор мен ҰҚК және көлік прокуратурасының бірлескен операциясы жайлы айтылды. Олар Алматы облысында сегіз лауазымды тұлғаның қылмыстық әрекетінің жолын кескен.
Тергеуге Алматы облысындағы «Нұр Жолы» кеден бекетінде жұмыс істеген мемлекеттік кірістер департаментінің сегіз қызметкері алынды. Тергеу болжамынша, олар Қытайға бекет арқылы өткен жүк көліктер мен кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып отырған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте хабарлағандай, күдіктілердің ұсталуына бекеттегі кептеліс себеп болған: олар әр жүргізушіден ақша алып, 30 шақырым кептеліс туындатқан. Департаменттің алты қызметкері ұсталып, изоляторға жіберілді. Ал екеуі кінәсін мойындағандықтан, тергеу уақытында қамауға алынған жоқ.
Айта кетейік, бүгін «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы төрағасы тұтқындалды. Ол өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ТЖ уақытында медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша «СҚ-Фармация» ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы ұсталып, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлайды», — делінген ведомство хабарламасында.
Күдікті соттың санкциясымен 14 тамызда қамауға алынған. Оған қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады. Агенттік тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейтінін атап өтті.
nur.kz