Қытайдың Қазақстандағы елшісі Помпеоның сөзін «спектакль» деп сынады

0

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанды “Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалап жатқан Пекинге қысым жасауға шақырған” мәлімдемесін сынады.

Үш жылдан бері Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар және басқа да мұсылмандарды қудалап, “саяси тәрбиелеу орталықтарына” жіберіп жатқаны айтылып келеді. Қазақстанда да жүздеген адам туыстарының Шыңжаңда қамауда отырғанын айтып, биліктен көмек сұраған.

4 ақпанда Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің сайтында Чжан Сяоның мәлімдемесі жарияланып, онда “Помпеоның мәлімдемесі Қытай тарапы күткендегідей болды” деп жазылған. Елші “бұл – Помпеоның Қытайға қарсы кезекті қолдан ұйымдастырылған спектаклі” деп сынады.

Чжан Сяо Шыңжаңда мұсылмандардың қудалау көріп жатқанын жоққа шығарып, қудалау жайлы ақпараттарды “күлкілі” деп атады.

“Шыңжаң жайлы негізгі деректерге назар аудармай, Қытайға күйе жағуды жалғастырды. Осылайша Помпео әлемге өзінің идеологиялық долбарлары мен жансақ пікірлерін көрсетті” деді елші.

Чжан Сяо “АҚШ аймақтағы алауыздықты қоздырып, өзінің монополиясын орнатқысы келеді” деп сынады.

“Помпео мырзадан сұрағым келеді, сіздер Қазақстанда бір шақырым жол төсеп я бір көпір салдыңыздар ма? Егер шынымен қазақстандықтарға жандарыңыз ашыса, Қазақстанның ең табысты саласы мұнайға ғана көңіл бөлмей, Қазақстанның индустриясы мен инфраструктурасына да ақша құюға назар аударсаңыздар етті. Қытай сияқты елдің жергілікті экономикасына ақша құюға дәттеріңіз жете ме? Олай жасай алмасаңыздар, қазақстандықтарға қарата айтқан сөзіңіз екіжүзділік болмақ” деп жазды Қытай елшісі.

2 ақпанда Помпео Нұр-Сұлтанға жасаған сапарында Қазақстанның ресми билігімен және Қытайда жақындарымыз қамауда отыр деген қазақтармен кездескен.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Нұр-Сұлтанға келгенінде Қазақстан билігінің Қытайдан қашқандарға қол ұшын беруге шақырып, осыған дейін Шыңжаңнан қашып келгендерді кері қайтармағаны үшін алғыс айтқан.

Бұдан бөлек, Помпео Қазақстан билігін “Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасап жатқан Қытайға АҚШ-пен бірлесе отырып қысым жасауға шақырған”.

Екі жылда Қазақстанға Қытайдан бес этникалық қазақ қашып келген. Олардың барлығы шекара бұзып өткен. Қытай қазақтары “Шыңжаңдағы қысымнан қашқандарын, Қытай тарапы Қазақстанға өткізбей қойғандықтан шекара бұзғандарын” айтқан. Қазақстан билігі оларды шартты жазаға және алты айға түрмеге қамаған, бірақ елде қалдырған.

Қытайдан қашқандардың бірі Сайрагүл Сауытбай сотта Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалау көріп, лагерьге қамалып жатқанын айтқан. Сот Сауытбайды елде қалдырғанымен, Қазақстанда ол босқын мәртебесін ала алмады. Сауытбай қазір отбасымен Швецияда тұрып жатыр.

Шыңжаңдағы лагерьлерден шыққандар да әлемдік басылымдарға онда көрген қорлықтары мен қиындықтары жиі айтып келеді. Олардың біразы Қазақстанда тұрады.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы саясатын көп сынаған. Қытай билігі алғашында “қайта тәрбиелеу лагерьлері” барын жоққа шығарып келді. Кейін мұндай орталықтардың барын мойындап, оны “кәсіп үйреніп шығатын орталық” деп атады.

Былтыр БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық мұсылман қамауда отыр деп мәлімдеген. Пекин бұл статистиканы жоққа шығарып, Батыстың Қытайдың ішкі ісіне араласуы деген.

Azattyq