Қытайдан Қазақстанға оралған азамат әйелін әкеле алмай отыр
Қытайдан Қазақстанға келген Бақытнұр Жүніс әйелінің Қытай елінен келе алмай отырғанын айтты.
Ол елбасы мен Сыртқы істер министрінен, құзырлы органдардн көмек сұрайды. Бақытнұр Жүністің айтуынша, ол отбасымен 2017 жылы Қазақстанға оралған. Әйелі ауырып жатқан әпкесінің жағдайын білу үшін 2018 жылы Қытайға барып, қайта кері қайта алмай отыр. Одан бері 8 ай уақыт өтті.
«Қытайда әйелімнің куәлігін алып қалып, бермей қойды. Біз ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз. Біздің кінәміз жоқ. Сіздерден осы мәселеде қол ұшын беріп, ақпаратты таратуларыңызды сұраймын. Елбасы мен Сыртқы істер министрінен, құзырлы органдардан, адам құқығын қорғау бойынша бірлескен ұйымдардан көмек сұраймыз. Әйелімнің отанға оралып, отбасымен қауышуына, қайта бірге тұруымызға балаларымен қосылуына көмек берсеңіздер екен деп үміттенем», – дейді Бақытнұр Жүніс.
Оның үлкені 7-сыныпта, екінші қызы 3-сыныпта, кенжесі 1-сыныпта оқиды. Балалары да анасын қайтаруға көмек сұрап, өтінішін айтты.
«Анамның отбасына оралуына көмек берсеңіздер екен. Анамсыз қиналып жүрміз. Әкем бізге қарайлап жұмыс істей алмайды. Бізді мектепке тасумен күні өтіп жатыр. Анамызды сағындық», – дейді балалары.
Дереккөз: stan.kz