«Қытайдан қашқандарға шыққан үкім – Пекинмен ренжіспеудің амалы»
Қазақстан «қазақ-қытай шекарасын заңсыз өткен» Қытайдың алты қазағының үстінен тергеу жүргізіп, кейбіріне қылмыстық іс қозғады. Олар «Қытайдағы қысымнан бері өте алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғандарын» айтып, айыптарын толық мойындады.
«Қытайдың қысымынан қашқан» алғашқы қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі 2018 жылы тамызда қаралып, сот оны шартты жазаға кесіп, Шыңжаңға қайтармады. Бірақ Нұр-Сұлтан Сауытбайға босқын мәртебесін бермеген соң ол Швецияға кеткен.
«Шыңжаңдағы қысымнан қаштым» деген Қытай қазақтары Қайша Ақан (6 ай шартты жаза алды), Тілек Тәбәрікұлы (6 айға сотталды), Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы (екеуі 1 жылға сотталды), Бағашар Мәлікұлы (тергеу тоқтатылды) Қытайға депортацияланбады.
«Қытайдан қашқан» қазақтардың төртеуі Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін я азаматтық сұраған. Қазақстан Қайша Ақан, Бағашар Мәлікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының босқын мәртебесін сұраған өтінішіне әзірге нақты жауап берген жоқ. Тәбәрікұлы азаматтыққа құжат тапсырған.
Сарапшылар Қазақстан «Қытайдан қашып келген» қазақтарды елде қалдырғанымен, босқын мәртебесін беруге келгенде әлі біраз ойланады деп санайды.
«ӨГІЗДІ ДЕ ӨЛТІРМЕЙ, АРБАНЫ ДА СЫНДЫРМАЙ…»
Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының заңгері Денис Живагоның пайымдауынша, Қазақстанның Қытайдан қашқандарға босқын мәртебесін беруге саяси мәселелер және Пекинмен ренжісіп қалу қаупі кедергі болып тұр.
— Егер Қазақстан оларға босқын мәртебесін берсе, Қытайда этникалық қазақтар қысымға ұшырап жатқанын мойындағаны. Ал ол біздің билікке тиімсіз, сондықтан шартты жаза сияқты түрлі амалдар қарастырып, мәселенің шешілуін кейінге қалдырып отыр. Оларды елден шығармады. Бұл жақсы. Халықаралық конвенцияға сай оларды «шекара бұзды» деп қылмыстық жауапқа тартпай, бірден босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін қарау керек еді. Себебі өзге елде қысым көрген адамның шекараны заңды кесіп өтуіне мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жалпы қозғалған істің өзі дұрыс емес. Бірақ бұл жерде билік абыройын да ойлап, Қытаймен де ренжісіп қалмаудың амалын жасап жатқанын түсінуіміз керек. Сондықтан бұл істе дәл қазір нақты шешім жоқ, «әзірге бес ай қамауда бола тұрсын, ал бес айдан кейін не боларын тағы көрерміз» деп отыр. Біздің билік босқын мәртебесін беру саяси емес гуманитарлық акт екенін түсіне бермейді. Бұған қоса Қытайдың да саяси құрылымын ескерсек, олар да мұны гуманитарлық акт екенін түсінбей, көз алартуы мүмкін, — дейді ол.
Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, «шекара бұзған» Шыңжаң қазақтарын депортацияламауға Қазақстан ішіндегі Қытайға қарсы наразылықтың күшеюі себеп болған.
— Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық өршіп, билікке қысым өте күшті болғанын үмытпауымыз керек. Әсіресе, Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерлері пайда болған тұста Қазақстанда митингілер күшейді. Бұған қоса, Шыңжаңнан қашқан қазақтардың үстінен қозғалған істер, Қытайдың Қазақстаннан оларды кері қайтаруды талап етуінің де әсері бар. Мұның бәрі Қазақстан билігінің имиджіне соққы болды. Қазір билік қай елде тұрмасын қазақтардың мүддесін қорғауды ойлай бастады. Бір жағынан, Тоқаев дипломат ретінде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың» амалын жасап жатқан сияқты. Себебі ол былтыр Deutsche Welle сайтына берген даулы сұқбатында, халықаралық қауымдастықтың айғақтарына қарамастан қайта тәрбилеу лагерлері жайлы ақпараттарды асыра сілтеу деп, Қытайды қолдауға тырысқан еді. Бұл мәлімдеме Қазақстанның Қытайды қолдайтынын көрсету үшін жасалды. Іле-шала ел ішінде бұл мәлімдемеге наразылық тағы күшейді. Сондықтан мына шешімдер («Қытайдан қашқандарға» үкім – ред.) арқылы билік қазір өз беделін жақсартуға тырысып жатыр, — дейді ол.
Сәтпаев Қазақстан бір елде қандай да бір заң бұзушылық болса, ашық айтып, нақты бір саясат ұстануы тиіс деп санайды.
Видео: 2019 — Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
Қытайдан көшіп келген қазақ, белсенді Ауыт Мұқибек Қазақстан заңға «егер қашып келген азаматтардың туыстарының бірі Қазақстан азаматы болса, оған босқын мәртебесі берілуі керек» деген өзгеріс енгізуі тиіс деп есептейді.
— Қазақстан отбасының бүтіндігін сақтау туралы халықаралық конвеницяға қол қойған. Қытайдан қашып келгендерге үкім шығарарда сол нормаларды сақтады деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, қазір халықаралық қауымдастықтың Қытайға деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетті. Қытай өз міндеттемелерін атқармай отыр. Әлемдік қауымдастық, беделді ұйымдар тек Қазақстанды ғана емес жалпы Орталық Азия елдерін Қытайдан қашқандарды қайтармауға шақырды. Мұның да әсері болды деп есептеймін. Үшіншіден, Қазақстан халқының талап-тілегі мен наразылығы да шешуші рөл атқарды деп санаймын, — дейді ол.
ШЫҢЖАҢНАН ҚАШҚАН ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ КІМДЕР?
«Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан» Қытай қазақтарының ісі жайлы барлық ақпарат.
«Шекара бұзған» Қытай қазақтары
Сайрагүл Сауытбай. «Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу лагерінде оқытушы болып жұмыс істеген» Сауытбай 2018 жылы Қорғас бекетінен Қазақстанға заңсыз өткен. Ол мемлекеттік қызметкер ретінде Қытайдан шыға алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғанын айтқан. 2018 жылы тамызда Жаркент қаласындағы сот Сауытбайды алты ай шартты жазаға кесіп, елде қалдырды. Судья үкім шығарарда Сауытбайдың отбасымен қауышу мақсатында шекара бұзғанын, күйеуі мен екі баласының Қазақстан азаматы екенін ескерген. Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, Нұр-Сұлтан оған бұл статусты бермеді. Кейін ол Швецияға кетіп, қазір сонда тұрып жатыр.
Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы. 2019 жылы қазанның басында Шыңжаң өлкесі Дүрбілжің аймағынан жолға шығып, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға білдіртпей өтіп кеткен. Кейін жолай такси жалдап, 10 қазанда Алматыға «келген». Олар 14 қазанда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «Қытайдағы қысымнан қашып келгендерін» айтып, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрады. Осыдан кейін ҰҚК шекара қызметі екеуін ұстап, тергеу изоляторына қамады. 2020 жылы 21 қаңтарда Зайсан аудандық соты екеуін бір жылға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырған. Сот шешім шығарарда олардың қылмысты мойындағандарын, тергеуге көмектескендерін, кішкентай балалары, кәрі әке-шешесі барын ескерген. Екеуінің қолында Қазақстан берген «пана іздеуші куәлігі» бар. Босқын мәртебесін алатын-алмайтыны әлі белгісіз.
Тілек Тәбәрікұлы. 2020 жылы 16 қаңтарда Жаркент соты Тәбәрікұлын алты айға бас бостандығынан айырып, Қазақстанда қалдырды. Айыптау актісіне сай, Тәбәрікұлы 2018 жылы мамырда қазақ-қытай шекарасының Қорғас шекара бақылау бекетінен «заңсыз өтіп кеткен». Оның алдында Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген ол 2017 жылы желтоқсанда Қытайға «көлік жөндеу жағын үйрену үшін» барып, қайта алмай қалған. Қытайдың құқық қорғау органдары «белгісіз себептермен» шетелге шығатын құжатын алып, қайтармаған. Судья үкім шығарарда Тәбәрікұлының қолында Қазақстан берген ықтиярхат барын, оның әке-шешесінің Қазақстан азаматы екенін, айыбын толық мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерген. Тәбәрікұлы қазір Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып қойғанын айтады.
Қайша Ақан (43 жаста). Сөзінше, Қазақстан шекарасынан 2018 жылдың 7 мамырында Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен. Ол Қытайдан Қазақстанға заңды жолмен үш рет өте алмағанын айтады. Сотта ол «Шыңжаңда лагерь болмаса қашпас едім» деді. Жаркент қаласындағы сот Қайша Ақанды алты ай бас бостандығынан айырып, оны шартты жазамен алмастырды. Судья Ақанды Қытайға қайтармай Қазақстанда қалдырды. Сот үкім шығарарда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, «пана іздеуші куәлігі» барын, босқын мәртебесін сұрағанын, этникалық қазақ ретінде Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескерген.
Бағашар Мәлікұлы (37 жаста). Айтуынша, 2015 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударған. Осы елде «Оралман куәлігі» мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтияр хат алған. 2016 жылы қараша айында Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін «Қорғас» кеден бекетінен өткен, сол кезде Қытай полициясы ұстап, «құжаттарын алып қойған». 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келген. 2019 жылдың соңында ҰҚК шекара қызметі тергеуге алған. Кейін ҰҚК Азаттыққа Мәлікұлының үстінен қозғалған іс тоқтатылғанын мәлімдеді, бірақ істің тоқтау себебін ашып айтпады. Мәлікұлы да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған.
Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған «тәрбиелеу орталығы» деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды терістейді.