Қытайдағы жемқорлық және «әділетсіз қоғамдағы қорықшы өлімі»

0

«ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ» ЖЕМҚОРЛЫҚ

«Зорлықшыл билік пен алаяқтар билікте қалу үшін Қытайдың инфрақұрылымдық жобаларын пайдаланады» деп жазды америкалық Foreign Policy журналы «Бір белдеу — бір жол» жобасының жемқорлық өршіген елдерге ықпалы жайлы мақаласында.

Журнал Малайзияны мысалға келтіріп, биліктен премьер-министр Наджиб Разак кеткен соң ақпарат құралдарының елдегі жемқорлық схемалары жайлы көп ақпаратқа қол жеткізгенін баяндайды. Олардың арасында ел билігінің Қытаймен байланысы жайлы құпия болып келген деректер де болған.

Мақала авторы Қазақстанды «Қытай инвестициясының арқасында автократиялық режимі күшейген ел» ретінде сипаттайды.

«Қазақстан үкіметі — нағыз клептократия — жемқорлыққа белшесінен батқан. Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 2017 жылы 180 елдің арасында үшінші орынға ие болды» деп жазды Foreign Policy.

Журналдың жазуынша, «Бір белдеу — бір жол» бастамасы режимді инвестициямен «қаржыландырып», биліктің халық арасында «беделін» асыруға «септескен», ал билік «жаңа сән-салтанатты инфрақұрылымды өрлеудің белгісі ретінде көрсетуге» тырысады. Журналдың пікірінше, бұл билік үшін өте маңызды, себебі іс жүзінде Қазақстан экономикасы мұнай бағасы мен Ресейдегі экономикалық өзгерістерге тәуелді.

Басылым сонымен бірге Қазақстандағы Қытай инвестициясын зерттеген Джордж Вашингтон университетінің зерттеуіне де сүйенген. «Қытай көмегі мен несиелері, сонымен бірге әріптестік қарым-қатынастар … Қазақстан билігінің үстемдігін нығайта түседі» деп жазды журнал.

Foreign Policy Қытайдың өз ішіндегі жемқорлыққа да тоқталып «инфрақұрылымдық ғажайыптардың бір бөлігі құрал таңдауда ешбір талғампаздық танытпай-ақ» жүзеге асты дейді. Атап айтқанда, мақалада «елдегі көп іскерлік операциялардың тігісін жатқызған өзара тиімді қатынас жүйесі» — қытайлық guanxi концепциясы сөз болады. Журналдың жазуынша, «өз еліндегі жемқорлық климатқа үйренген қытай шенеуніктері шетелдік жобаларды күмәнді тәсілдердің көмегімен оңай жүзеге асыра алады».

Foreign Policy пікірінше, «Бір белдеу — бір жол» жобасы аясында жасалған кейбір келісімдер оның Қытай үшін тек таза экономикалық бағдарлама емес, сонымен бірге сыртқы саясат құралы екенін дәлелдей түседі. Журналдың жазуынша, сол себепті Қытайға әріптес елдер арасынан «өте құнды екеніне көзі жетпесе де» ортақ жобаларды мақұлдай беретін басшылар керек.

Журнал «мұндай саясаткерлер мен Қытай бір-біріне зәру» деп жазды.

«Қытай мен жемқорлыққа батқан әріптестері [«Бір белдеу — бір жол» бойынша] арасындағы қарым-қатынас — бұл симбиоз және көп жағдайда қарапайым парақорлықтан күрделірек нәрсе. […] Жобаны жемқорлық мақсатта пайдаланудан туындайтын мәселе — егер сізді ұстаса, бұл тек сіздің ғана проблемаңыз, ал Қытай алға жылжи береді» деп жазды Foreign Policy.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПОЛИЦИЯ

Ағылшын тілді Eurasianet.org сайты «Қазақстан: халық полицияға қарсы» атты мақаласында спортшы Денис Тен өлімінен кейін қоғамның ішкі істер министрлігін реформалау туралы талабы «қалай жүзеге асып жатқанын», елдің құқық қорғау органдарындағы «өзгерістер» туралы жазған. Спортшы өлімі қоғам наразылығын тудырды деген мақала авторы зерттеуші Эрик Мараттың пікіріне сүйене отырып, оқиға қоғамдағы «полицияға сенімсіздік пен жек көру сезімінің» сыртқа шығуына себеп болды дейді.

Қаңтар айының басында «банда полицейлер» жайлы видео түсірген қарағандылық ІІМ академиясы өкілінің әрекеті де қоғамда полицейлерге деген наразылықты өршітті.

«Қазақстанның авторитарлы билігі полиция беделінің төмендеуі алдағы уақытта басқа да мәселелер туындатуы мүмкін екенін жақсы біледі. Жыл қорытындысы бойынша журналистермен дәстүрлі кездесу кезінде 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Денис Тен ісінің қоғамды алаңдатқанын мойындап, «полицияның жаңа бейнесін» қалыптастыруға шақырды» деп жазды Eurasianet.org.

Президент полиция академияларының санын қысқартып, заң универститетінің түлектерін ІІМ-ге алуды ұсынған. Eurasianet.org-тің жазуынша, қаңтар айының басында ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменов «дәл президент айтқан үлгі» бойынша 1200 офицерді үш ай дайындықтан өткізу жұмысының басталғанын хабарлаған. Ол сонымен бірге 12 полиция академиясының 5-ке дейін қысқартылатынын жеткізген.

Бұдан гөрі ірі өзгерістерді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтқан. Желтоқсан айында ол ведомствода 450 орта буын менеджері мен әкімшілік қызметкерін қызметтен босататынын хабарлаған. Министрдің ойынша, осының арқасында «қарапайым полицейлерге төленетін ондаған миллион доллар» пайда болады.

Бірақ сайттың жазуынша, сарапшылар бұл шаралардың бәрін «көзбояушылық» деп есептейді. Мысалы, азаматтық қоғам өкілі Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, «полиция барған сайын қылмыскерлерге ұқсап барады». Атап айтқанда, олар «рұқсатсыз митингтерге қатыспауы үшін» азаматтық белсенділерді тексеріп, қудалауды жалғастырып отыр. Төреғожина желтоқсанның 16-сы және 17-сі күнгі оқиғаларды мысал ретінде келтірген.

Видео: Тәуелсіздік күні белсенділер ұсталып, күзет күшейді (16.12.2018 жыл)

«Мұндай қуғын-сүргін тәжірибесі ірі саяси трансфорацияны қаламайтын режим үшін қалыпты норма. Сондықтан полиция жұмысындағы аталған өзгерістер қоғамның оларға деген қатынасына әсер етеді деп айту қиын» деп жазды Eurasianet.org.

ҚОРЫҚШЫ ҚАЗАСЫ

Британдық BBC сайты Қазақстандағы жануарларды қорғаумен айналысатын «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі мен қоғам реакциясы жайлы жазған. Қаңтардың 13-і күні Қарағанды облысы Нұра ауданында браконьерлер инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкты соққыға жығып, соның кесірінен басы жараланған Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болды.

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев

BBC пікірінше, бұл қылмыс сирек кездесетін жануарларды, оның ішінде мүйізінің килограмы «қара базарда» бірнеше мың долларға бағаланатын ақбөкендерді заңсыз аулау мәселесінің елде қалай ушығып кеткенін көрсетеді.

Сайт инспекторлар және қорықшылармен болған жеке әңгіменің мазмұнын баяндайды. Онда табиғат қорғаушылары өмірлерін қатерге тіге отырып, браконьерлерді ұстайтынын, ал «олардың айыппұлмен оңай құтылып кететінін» айтқан. Инспекторлар сонымен бірге аң аулауға кейде «жоғары жақтан» келетінін, ондайда «байқамағансып» айналып өтуге мәжбүр екендерін жеткізген.

BBC жазуынша, көпшілік үшін «Нұрғалиевтің өлімі Қазақстан қоғамындағы әділетсіздіктің белгісіне айналған». Тіпті қаза тапқан инспектордың өлген соң марапатталатыны да «сол әділетсіздік сезімін толықтыра түседі» деп жазды мақала авторы.

ТҰЙЫҚ СУДЫҢ ЕРУІ

Америкалық The New York Times Алматы маңындағы Тұйық су мұздығы жайлы үлкен зерттеу мақаласын басқан. Онда авторлар көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг қорытындысына сүйенген. Соңғы жиырма жылда бұл зерттеумен британдық Reading университетінің мұздықтар бойынша маманы Мария Шахгеданова айналысқан.

«Әлемде ең ұзақ зерттелген мұздықтардың бірі ретінде Тұйық су әлемдік деңгейде жаһандық климат өзгерісінің мұздарға әсерін бағалауға көмектеседі» деп жазды басылым.

Жаһандық жылынудың салдарынан Тұйық су мұздығы еріп жатыр. 1957 жылдан бастап зерттеле бастаған мұздықтың аумағы содан бері жарты шақырымға қысқарған. Мұндай құбылыс әлемдегі барлық мұздықтарда да болып жатыр — 40 жыл ішінде мұздықтардың қалыңдығы 21,34 метрге жіңішкерген.

«Бұл ұлы ғаламдық еру теңіз деңгейінің көтерілуіне әсер етеді. Су электр энергиясын өндіруге ықпал етеді. Ірі су тасқындары мен сел сияқты табиғи апаттар туындатады. Өзендер мен экожүйені өзгертіп, ондағы тіршілік иелеріне де әсер етеді. Бірақ Тянь-Шаньда мұның халықты сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына көбірек әсері бар» деп жазды басылым.

Мария Шахгеданованың болжамынша, мұздықтың еру салдары шамамен 20 жылдан кейін біліне бастайды. Төменге аққан еріген қар суының мөлшері ақырында қатты азаяды.

«Тұйық су және өзге мұздықтардан келетін судың басым бөлігі ақырында Алматы солтүстігіндегі жазықтарға жетеді, онда суармалы егістіктер бар. Мұндағы өзен деңгейі төмен түскен кезде аймақтағы шаруаларға дағдарыс қаупі төнуі мүмкін. Суару жүйелерінің көбі совет заманынан бері келе жатыр. Олар әбден ескірген, тозған және тиімсіз. Көп каналдар мен арықтардың беті бетондалмаған, сулар сіңіп кетеді. Су ресурстарын дұрыс қолданып жатқан жоқ» деп жазды басылым.

Сарапшылар Тұйық судағы тұшы су біткенге дейін Қазақстанға тиімді суару жүйесін құруға кеңес береді.

Дереккөз: Азаттық