Қытайдағы архивтерді Қазақстанға әкелу керек

0

Депутат шетелдегі архивтердің ең маңызды бөлігі орналасқан елдер мен басты назар аудар аударылу керек мәселелерді атап өтті.

«Шетелдегі архивтерді Қазақстанға әкелудің қамын жасауда басты назарда ұстайтын елдің бірі — Қытай. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде Сақтардан, Ғұндардан, Үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол.

Атап айтқанда, Пекиндегі гугүн мұражайында, сиань, Ішкі Моңғолда (Ордос, Хут-Хот), Шинжияңда (Тұрфан, Үрімжі, Алтай, Іле) қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты қаншама деректер жатыр. Қытайды айтсақ, көбіміздің көз алдымызға тарихи жазбалар елестейді. Алайда, Қытайдағы жартас суреттеріндегі, мәңгітастардағы, көне ескерткіш, көне қорымдардағы қазаққа және қазақ ұлтын құрайтын этностарға қатысты зерттелмей жатқан тақырыптар аз емес. Үйсін қабірлерінің дені және ең үлкендері Шинжияңдағы Іле өңірінде жатыр» — деді ол.

Сонымен қатар көне заманда жауқазындарымызға арқау болған идеяның астарына тереңінен үңілу керектігін алға тартты.

«Император Таң тай-цзун ескерткішінің жанындағы Түркілерге қатысты мүсін, балбалтастарға біз әлі толық назар аударғанымыз жоқ.  Бесінші ғасырда ғұндар құрған мемлекет — Шия патшалығына қатысты деректерді зерттеп, олар не үшін Чаңән (чанъань) қаласын Астана жасады, не үшін Чаңәнда жылқының мүсінін орнатады? «Аттың ғұнды тарпуы» деген мүсінге арқау болған идеяның тарихи астары не? – деген мәселелерге ұлттық тарихымыз тұрғысынан толық үңіле алмадық.

XVIII-XIX ғасырдағы Цин патшалығының мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жазба деректер өте мол. Тек Қытайдағы бірінші тарихи мұрағатында сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттардың жалпы саны 7000 – нан асады. Қазірге дейін соның 3/1 ғана жарық көрді деуге болады.

Цин династиясы кезіндегі архивтердің көбі алдымен мәнжур тілінде жазылып, кейін Қытай тіліне аударылған. Қытайдағы архивтерді ақтаруда тек Қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше Қытай тілін, көне Қытай жазуын жетік білуімен қатар, мәнжур тілін білетін маман ауадай қажет. Жаңа қытай жазуымен аударылған архивтерді Қытай өз мүдесіне бейімдеп аударып жібереді. Сондықтан түп нұсқаны қарау керек».

Сөз соңында депутат Қытайдағы тарихи деректерді сұрыптауда 5 нақты мәселені көтерді.

«Біріншіден, Қазақстандағы және Қытайдағы тарихтан хабары бар, қытай, мәнжур тілдерін жетік білетін мамандарды ұйымдастырып, олардың Қазақстан тарихшыларымен тізе қоса жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек. Бұлардың арасында тіл мамандары, мәдениет зерттеушілері, археологтар болса, тіпті құба құп.  

Екіншіден, Қазақстанға Қытай архивтеріндегі деректердің ішінарасы орысшадан аударып алу жолымен жетті. Алайда, Ресей зерттеушілері Қытай архивтеріндегі қазақ ру, тайпаларының атын өз білгендерінше оқып, өз тілінің фонетикалық заңдылықтарына бейімдеп жазды. Оны кейін қазақ тіліне аударғанда, көбінің өңі өзгеріп, атаулар әр түрлі алынып кетті. Міне осы қателіктерді түзету және ежелгі этностардың атын, кісі есімдерін дұрыс алу үшін тарихи жазбалардағы иероглифті ерте замандағы фонетикасына қайтарып, қазақ тіліне қайта аударуды ойластырған жөн. Аудару барысында қазақ тілінің фонетикалық өзгерістерін ескеруді де назардан қағыс қалдырмаған дұрыс.  

Үшіншіден, «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер»,  «26 тарих» — сияқты Қытай қазақтары аударған немесе Қазақстанда аударылып, айналымға түскен деректер Қытай тарихнамаларындағы деректердің азғантай бөлігі ғана. Ал бейресми тарихнамалардағы, орданың құпия шежірелеріндегі деректер тіптен көп. Олар боямасыздығымен, шынайлығымен құнды. Сонымен қатар, бұл жазбаларда тілімізге қатысты деректер де аз емес.

Төртіншіден, Қытайдағы жазба деректерге ғана сүйеніп қалмай, көне қорымдарға, қабірлерге, мәңгі тастарға, тарихи ескертіштерге, тіпті жер аттарына дейін зерттеу жүргізіп, олардың жазбаша дерегін, фотосурет, бейнебаянын бірге жинақтау керек. Бұл Жерде үкімет аралық келісім жасап, Қытай-Қазақстан археологтары бірлескен ғылыми зерттеу экспедициясы ұйымдастырылса және Үйсін қабірлері сияқты тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізсе, нұр үстіне —  нұр болар еді.

Бесіншіден, Қытайдағы архивтерге, тарихи жәдігерлерге үңілгенде көне дәуірге байланысты деректерді шиәннән (сиань), ал орта ғасырдан бергі деректерді Пекиннен іздеген дұрыс. Тұрфан, Дуньхуан өңірлеріндегі мың үйлерден Ұлыбританияға әкетілген тарихи мұраларды да Қытай тарихындағы деректердің бір бөлігі ретінде зерттеуді де қарастыру керек» — деді ол.

Дереккөз: http://egemen.kz/