Қытайдағы Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі: Қазақстандық қыздың өміріне қатысты жаңа мәліметтер айтылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қытай түрмесінде отырған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың өміріне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Қытайдағы консул оған айына бір-екі рет барып, хал-жағдайын біліп тұрады екен.

Қытайдағы Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі: Қазақстандық қыздың өміріне қатысты жаңа мәліметтер айтылды

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қытайдағы төтенше және өкілетті елші Шахрат Нұрышевтың сөзінше, қазақстандық консул Болат Сырлыбаев Ақжарқынға барған сайын оған қаржылай көмек көрсетеді екен. Сонымен қатар қазақстандық қызды ағылшын тілін үйрену үшін оқулықтармен қамтамасыз етуде. 

«Болат Қадырұлы айына бір-екі рет міндетті түрде Ақжарқын Тұрлыбайға барып, қажет заттарына деп өз қалтасынан ақша қалдырып кетеді. Кітап, басқа да ұсақ-түйек заттарын алып береді. Бізде бюджетте бұл ақша қарастырылмаған», — дейді Шахрат Нұрышев.

Төтенше және өкілетті елшінің айтуынша, әдетте шетелде қазақстандықтар мерт болған жағдайда ғана туыстарына көмек ретінде ақша бөлінеді. Алайда артынша бөлінген қаржының орны толтырылуы тиіс.

«Мұндай заттарға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан кейде өзімізге ақша жинауға тура келеді», — дейді Нұрышев.

Хабарланғандай, Ақжарқын Тұрлайбайдың ісі әзірге аяқталмаған. Бүгінгі таңда қосымша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның аясында Ақжарқынның шетелге аттануына қатысы бар адамдардан жауап алынуда. Елшілік мәліметінше, Қытай соты ақырғы шешімді істің жай-жапсары толық анықталғаннан кейін шығармақ. 

Естеріңізге сала кетсек, Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу қаласының әуежайында есірткі контрабандасымен айналысты деген күдікпен ұсталған еді. 2015 жылы маусымда 21 жастағы қыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кейін апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған.

2016 жылы қарашада апелляциялық сот тыңдауы өтіп, коллегия шешім қабылдау үшін жиналыс бөлмесіне шығып кетті.

Ақжарқын Тұрлыбай әлі күнге дейін сот шешімін күтіп отыр.

stan.kz