Қытайда туып, «Болашақпен» дүние кезген

0

Талғар Дәлелғазы – Қытайда туып, Шыңжаңда орта мектеп бітірген соң тарихи атажұртына көшіп, Қазақстанда бірнеше жоғары оқу орнын аяқтап, кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Батыста оқуға қол жеткізген аз студенттің бірі. Қытайдың Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Күнес ауданының тумасы кезінде әке-шешесімен бірге 2007 жылы Алматы облысының Талғар ауданына көшіп келген. Атына сай мекені де талғарлық болып шыққан 36 жастағы жігіт енді «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Шеффилд қаласында «Ғаламдық журналистика» мамандығы бойынша білім алып жүр.

Азаттық тілшісі қоңырау шалған кезде Талғар отбасымен банктен шығып келе жатқанын айтты. 2015 жылдан бері шетелде отбасымен жүрген ол кішкентайлы болғалы студенттік стипендияны үнемдеп күн көруге бейімделген. Магистратураны бітірген соң PhD бағдарламасына түскісі келеді. Алматыдағы Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдер университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетін қатар бітірген ол Астанадағы Назарбаев университетінде алты ай білім алыпты.

— Шетелден білім алғым келді. Сосын Назарбаевта оқып жүрген кезімде Болашаққа тапсырдым. Грантты жеңіп алғаннан кейін АҚШ-қа кеттім. Чикагода бір жыл жеті ай дайындық курсынан өттім. Қазір өз таңдауыммен Англияда білімімді жалғастырып жатырмын, — дейді Талғар.

Шеффилд университетінде Талғардан бөлек Атырау қаласынан барған тағы бір отбасылы студент бар. Екі отбасы күн сайын араласып тұрады. Жақын орналасқан Манчестер қаласында қазақтардың көп екенін, бірақ олармен қатынасып тұруға мүмкіндіктің де, уақыттың да аз екенін айтады. «Болашақ» бағдарламасымен оқитын қазақстандықтардың қарасы қалың деп ойлап келген Талғар Батыста жүріп пікірін өзгерткен.

— АҚШ-та да, Англияда да бір байқағаным – Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытай Батыс елдеріне жастарды өт көп жібереді. Apple компаниясының директоры Тим Куктың бір сұхбатынан: «Қытайда кеңсе ашқан себебіміз – арзан еңбек күшінің ғана емес, мамандар қосынының да жеткілікті екені» дегенін оқыған едім. Яғни Қытайдың мыңдаған жасы жыл сайын АҚШ пен Еуропадағы соңғы жетістіктерді үйреніп, мемлекеттің әрбір саласына тың күш болып қосылып жатыр, — дейді Талғар.

Талғар Дәлелғазы. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)

Талғар Дәлелғазы. (Жеке мұрағаттан алынған сурет)

Талғар өзі оқитын Шеффилд университетінің бір ғана факультетінде 120-ға жуық қытай студентінің бар екенін, олардың басым көпшілігі өз қаражатымен оқып жүргенін айтады. Қазақстаннан да АҚШ пен Еуропа елдеріне жылына ондаған мың студент келіп оқитын жағдай туса, ел жылдам дамыр еді деп ойлайды. Оның бір байқағаны – Батыстағы Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапония студенттері көбіне техникалық мамандықтар бойынша білім алады.

— АҚШ-та оқып жүрген кезімде бір профессор Қазақстаннан қанша жастың «Болашақ» бойынша білім алғаны туралы сұрады. Мен аузымды толтырып: «10 мың түлек дайындалды» дегенімде, ол кісі: «Өте аз, мардымсыз. Оның әсері қоғамда көрінбейді ғой» деген еді. Менің арманым – қазақтың 200-300 мың жас таланты әлемдік стандарттағы біліммен қаруланса, — дейді Талғар.

Талғардың сөзінше, кейбір қазақстандық жас шетелден бөлінетін тегін гранттар туралы ізденбей, Қазақстандағы қымбат ақылы жеке меншік оқу орындарына барады. Оның айтуынша, 2018-2019 оқу жылында шетелден Қазақстанға бөлінген 20 мыңға жуық гранттың екі мыңына ғана үміткер табылған.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының директоры Жанболат Мелдешов Қазақстандық ақпарат құралдарына берген сұхбатында 2019 жылы 555 гранттың бөлінгенін айтқан болатын.

Мелдешовтің сөзінше, 2018 жылы «Болашақ» бағдарламасының сыртында үкіметаралық келісімдер негізінде тағайындалатын гранттар саны 20 мыңға жеткен. Бірақ бөлінген гранттың бес пайызы ғана орындалған. 2019 жыл басталғалы да үкіметаралық келісімдер негізінде шетелдік университеттерден бөлінетін гранттар саны мыңнан асқан. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитындардың 85 пайызы АҚШ, Ұлыбритания мен Канаданы таңдайды.

Қазақстандық студенттер үшін ең танымал үш елдің екеуінде оқып үлгерген Талғар Дәлелғазы санмен қатар сапа да өссе деп тілейді. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау кезінде ағылшын тілімен қатар негізгі мамандық бойынша пән емтиханы міндеттелсе, үміткерлердің сапасы күшейе түсер еді деп санайды.

Azattyq