Home Жаңалықтар Қытайда қазақстандық студент қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды – Қазақстан жаңалықтары

Қытайда қазақстандық студент қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды – Қазақстан жаңалықтары

0
506

Қытайда Нұр-Сұлтан қаласының 20 жастағы тұрғыны жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Қытайда қазақстандық студент қыз жұмбақ жағдайда көз жұмды

Сурет: Tengrinews.kz

Сандира Серікханова Чанчжоу қаласындағы Jiangsu University of Technology университетінің үшінші курсында оқып жатқан. Марқұмның туысы Альнура

Ағаеваның айтуынша, ол өз күшімен шетелдік ЖОО-ның грантын иеленіп, жарты жылда қытай тілін үйреніпті. Ол Сандираның байсалды болғанын айтады. Алайда биылғы жылдың басында қазақстандық қызбен танысып, араласа бастаған. Оның жасы үлкен, білуімізше, мінездері қарама-қайшы, дейді туысы.

26 сәуірде күндіз Сандира таныс қызы және оның шымкенттік және алматылық екі жолдасымен бірге барға барған. Ағаеваның сөзінше, шамамен 21-22 жастағы жігіттер бұл кездесуге бірнеше күн сұранып, шақырған.

Туысының айтуынша, жігіттердің бірі Сандирадан пәтерден әлдеқандай затын алуға көмектесуін сұраған. Ештеңеден күдіктенбеген қыз келісіпті. Алайда сол үйдің тек лифтінде ғана бейнебақылау камерасы бар болып шыққан. Ондағы жазбадан қыздың лифтіге кірер кезде кібіртіктегені көрінеді. Артынша жігіт оны көндірген. Әрі қарай не болғаны белгісіз.

Жігіттің айтуына қарағанда, олар 17-қабаттағы пәтерден шыққанда Сандира жылап қоя берген. Алайда ол себебін түсіндіре алмады. Артынша жігіт лифтіге беттегенде, әлдекімнің айқайын естіп, баспалдақтың жанындағы балконға жүгіріп барып, қыздың 7-қабаттағы сауда орталығының шатырында жатқанын көріпті.

Марқұмның әкесі сол күні Қытайға ұшып шыққан екен.

Туысы қытайлық полицейлердің істі тергеп жатқанын айтты. Олардың нұсқасы бойынша, қыз суицид жасаған. Алайда туыстары оған сенбейді. Сандира күніне бірнеше рет анасымен хабарласып, сағынғанын, інілері мен сіңлілеріне сыйлық алғанын, 30 маусымда демалысқа келетінін айтқан. Сол кезде ол емтиханға дайындалып жүрген екен.

Марқұмның денесі 2 мамырда елордаға жеткізіліп, ертесі күні жер қойнына тапсырылған. Туыстары қазіргі уақытта тергеу қандай кезеңде екенін білмейді. СІМ-дегілер істің тергеліп жатқанын айтса, университеттегі кураторы тергеудің 5 маусымда аяқталғанын айтыпты.

Ал Сандираның таныс қызы мен жанында болған екі жігіт оқиғадан кейін марқұмның туыстарын әлеуметтік желіде бұғаттап, байланысқа шықпай жүрген көрінеді.

ҚР СІМ қазақстандық қыздың өлімін растағанымен, мән-жайды кейінірек мәлімдеуге уәде етті.

stan.kz